С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде облыс әкімі Серік Шәпкенов пен өнеркәсіп кәсіпорындарының өкілдері, университет ғалымдары ғылыми-зерттеу жұмыстары саласындағы өңірдегі өзекті мәселелерді шешу жолдарын талқылады.
Жиында облыс әкімі елімізде ғылымды дамыту басты назардағы мәселе екенін айтты.
— Университеттің даму стратегиясын талқылап, әрі қарай нақты шешім қабылдаймыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымды дамыту жөнінде тапсырма берді. Соның негізінде мықты маман даярлайтын шетелдік университеттердің филиалын Қазақстанда ашу қажет екенін айтты. Былтыр осы университет жанынан Губкин атындағы Ресей мемлекеттік университетінің филиалы ашылды. Жоғары деңгейлі, бәсекеге қабілетті маман даярлау – университеттің басты мақсаты. Сондай-ақ студенттер ғылыммен айналысып қана қоймай, жаңа технологияларды қолданысқа енгізуі тиіс. Еліміздің локомативі – бұл ғылым. Егер ол дамымаса, ескі көзқараспен қала береміз. Сондықтан қолға алған жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін! — деді С.Шәпкенов.
Кездесуде «Көктайғаққа қарсы препарат» өндірісінің тәжірибелік технологиясын енгізу, «Маленькая страна» әлеуметтік экокампусының аумағында сулы қабаттардың пайда болу тереңдігін анықтау мақсатында зерттеу жүргізу, Қазақстан тарихын білудің тәсілі ретінде ежелгі Сарайшықты компьютерлік модельдеу, Атырау қаласы бойынша 6 тілде жол көрсеткіш әзірлеу үшін ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізу, облыстың экологиялық паспорты арқылы өңір экологиясын басқару және бақылау сынды мәселелер талқыланды.
Шара аясында облыс әкімі Серік Шәпкенов Маруся Асаубаева атындағы креатив oрталығының жұмысымен танысты. Орталық еліміздің энергетика секторында ғылымды, цифрландыруды тиімді дамытуды мақсат етеді. Өңірге ірі инвесторларды тарту мәселесімен, қоғамда экомәдениетті қалыптастырумен айналысады.
Анықтама үшін: Университеттің ғылыми-зерттеу жұмыстарының негізгі мақсаты – мұнай-газ саласының қазіргі және келешектегі мәселелерін шешу үшін білім беру, ғылыми және өндірістік қауымдастықтарды біріктіру.