Бұл туралы «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК Атырау облыстық филиалының бөлім басшысы Нұрлан Жантурин мәлім етті.
Бүгінгі таңда алты бөліктен тұратын құрылыс жұмыстарының екі бөлігі аяқталып, қалған төрт бөлігінде жол салу жұмыстары жүруде. Қазір аталған жолдың 616-833 шақырым аралығы 4 лот бойынша салынып жатыр. Бүгінгі күні «Lankaran/Ажолқұрылыс», «Todini Constuzioni Generali S.p.A,», «Ant Insaat/Автожолқұрылыс» және «СП СМС/ Todini Constuzioni Generali S.p.A» мердігер мекемелері 217 шақырым жолдың 80 шақырымының төменгі қабатына асфальтбетон төсеген.
-Енді биыл күн жылығалы осы төрт бөліктің әр учаскесінде жол негізінің жоғарғы қабаты – қиыршықтас төсеу және жол жабындысының төменгі қабаты — ірі-түйірлі ыстық асфальтбетон төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жолдың бұл аралығының төменгі қабатын биыл толықтай аяқтау жоспарланған. Ал, 853-893 шақырым аралығын қамтитын 6-шы бөлікке де асфальтбетон төселген. Қазір жол жиегіндегі аялдамалар мен жол белгілері және демалыс алаңдары салынуда. Сонымен қатар, Құрманғазы елді мекені тұсында жол учаскесін пайдалану ғимартының құрылысы басталды. Бұл нысанды жолды күтіп ұстау жұмыстарымен айналысатын мекеме қызметкерлері пайдаланады. Оған қоса, 833-853 шақырым аралығын қамтитын 5-ші бөлікте құрылыс жұмыстары үш жыл бұрын толықтай аяқталды. Қазір кепілдік мерзімінде тұр,- деді Н.Жантурин.
Мамандардың айтуынша, құрылысы ұзаққа созылған жолда былтыр жұмыстың тұралауына материалдардың тапшылығы біраз әсер еткен. Биыл бұл мәселе шешімін тауыпты. Филиал мамандары қыс бойы осындағы жолдың құрылысына қажетті материалдардан сынама алып, зерттеу жұмыстарын жүргізген.
-Жыл басынан республикалық және жергілікті жолдардың құрылысына пайдаланылатын материалдардан алынған 155 сынама тексерілді. Оның 98-і А-27 «Атырау-Ақтөбе-Астархань» тас жолының 330-893 шақырым аралығындағы жол құрылысына пайдаланылған материалдар. Ал зертханалық тексеріс қортындысы бойынша, 17 сынаманың нормативтік құжаттарға сай келмейтіндігі анықталды,- деді зертхана меңгерушісі Гаухар Атанчинова.