Атырауда жыл басынан бері жұмыспен қамту орталықтарына мүмкіндігі шектеулі 485 адам хабарласқан. Оның ішінен 407 адамға әлеуметтік қолдау түрлері көрсетіліп, 293 адам жұмысқа орналасқан. Бұл туралы облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Гүлболат Аманғалиева мәлім етті.
— Мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту бағытында қала мен барлық аудандарда қаулы қабылданды. Қаулыға сәйкес мекемеде жұмыс жасайтын адамның санына қарай оның 2-4 пайызына квота белгіленуі тиіс. Күні бүгінде мүмкіндігі шектелуі азаматтарды жұмыспен қамти алатын мекемелер тізімі бекітіліп, ереже түсіндірілді. Нәтижесінде, жыл басынан бері квотамен 8 адам жұмысқа орналасты. Ал, қаулыны орындамай отырған, яғни мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін квота бөлмеген мекемелердің тізімі тиісті органдарға жолданды,- деді Г.Аманғалиева.
Оның айтуынша, мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту шаралары аясында 105 адам қысқа мерзімді оқу курстарына жолданған. Бұдан бөлек биыл мүгедектігі бар 9 адам 400 АЕК мөлшерінде мемлекеттік грант алып, өз кәсібін бастаған.