Махамбет ауданынан келген екі жұп «Конферансье – 2023» байқауының иегері атанды.
Бұл туралы облыстық ғылыми әдістемелік халық шығармашылығы мен мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығының басшысы Жәнібек Аманиязов мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
«Конферансье–2023» облыстық жүргізушілер байқауына қала, аудандық мәдениет бөлімдерінен және оқу орындарынан 7 жұп, 8 дара өнерпаз қатысты. Олар үш кезең бойынша сайыста бақтарын сынады.
-Бірінші кезеңде сахна және сөйлеу мәдениеті, дауыс ырғағы, екпін белгісінің, мәтін мәнерлерінің дұрыс айтылуы сынға түсті. Ал екінші айналымда сайысқа қатысушылар қазылар құрамы дайындаған арнайы ситуациялық және импровизациялық сұрақтарға жауап беріп, өз шеберліктерін көрсетті. Шешуші кезеңде үй тапсырмасы берілді. Яғни, сайыскерлер ресми шаралар, тақырыптық кештер, бағдарламаларға жасақталған бір сценарийді толықтай жазып көрсету керек болды. Байқау қортындысы бойынша Махамбет ауданынан келген екі жұп жүлделі орын алды. Бірінші орынды Еламан Ғафуров пен Айжан Бөлекбаева иеленсе, екінші орынды Сейтжан Құжырбаев пен Нұргүл Жалмұқанова қанжығалады. Үшінші орын Исатай ауданынан келген үміткерлер Амангелді Панабердиев пен Жадыра Молдашқа бұйырды,- деді Ж.Аманиязов.
Ал, жеке қатысушылар арасында жеңімпаз Руслан Қыздарбаев бірінші орынды иеленсе, екінші орынмен Рашид Дәурен марапатталды. Үшінші орынға Дастан Камалов лайық деп танылды. Қалған өнерпаздар ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.