Атырау облысы Индер ауданы Аққала ауылында 90 орындық балабақшаның құрылысы басталуда. Бұл туралы аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Алтынбек Габдуллин мәлім етті.
Екі қатарлы заманауи балабақшада асхана, жатын бөлме, ойын, медициналық, мұғалімдер бөлмесі, сондай-ақ логопед және психолог бөлмелері қаралған. Көлемі 1991,21 шаршы метр болатын нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
— Қазіргі таңда облысымыздың түпкір-түпкірінде заманауи талаптарға сай, кең әрі жарық, бүкіл керек-жарағымен толыққанды жабдықталған балабақшалардың саны артып келеді. Облыстық құрылыс басқармасының тапсырысы бойынша биыл сәуір айынан бастап Аққала ауылында да жеке балабақша құрылысы басталуда. Балабақшаның жоба құны 484 млн теңгені құрайды. Ал, жоба қуаттылығы 90 орындық. Нысанға «Гранд Мастер» ЖШС мердігер мекемесі жауапты,- деді А.Габдуллин.
Оның айтуынша, аталған нысан бойынша мемлекеттік сатып алу жұмыстары аяқталып, техникалық қадағалушы мекемемен келісімшарт жасақталуда.