Абай орталығы жанындағы JasSpace кеңістігінің оқушылары Теміртау қаласында өткен «Robocup Kazakhstan Open – 2023» республикалық робототехника конкурсынан жүлдемен оралды. Бұл туралы JasSpace кеңістігінің коммуникация менеджері Баян Жанұзақова мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
-Оқушылар «Биші робот» жобасын екі айдан астам уақытта жасап шығарған. Оның 4 ерекшелігі бар. Біріншіден, робот қазақтың «Қара жорға» биін билесе, екіншіден, айналасындағы адамдармен байланысқа түседі. Сондай-ақ, үшіншіден, күрделі қимыл-қозғалыстарды жасайды. Және ультрадыбыстық датчик арқылы қосылады,- деді Б.Жанұзақова.
Құрмет Әйіпқалиев пен Дәмелі Кішібай қазақы роботты жасап шығарған оқушылар. JasSpace кеңістігінде қосалқы білім алып жүрген оқушылар Теміртауда өткен конкурстың өздері үшін үлкен тәжірибе болғанын айтады.
-Біздің роботымыз әділқазыларды өзінің күрделі қимыл-қозғалысымен таңқалдырды. Содай-ақ роботтың этностильде болуы да басқа жобалардан ерекшеленіп тұрды. Ұзақ уақыт жұмсауды қажет еткен жұмысымыздың нәтижесін көру мен үшін бақыт,- деді Д.Кішібай.
Бүгінде APEC колледжінің 1 курсында оқып жатқан Д.Кішібай алға қарай тағы да күрделі жобалар жасауды жоспарлап отырғанын айтты.
Ал Құрмет Әйіпқалиев Атырау қаласындағы 28 мектептің 7 сыныбында оқиды. Өткен жылдың қазан айынан бері JasSpace кеңістігінің робототехника курсында қосымша білім алып жүрген ол конкурсқа кешенді түрде дайындалғанын жеткізді.
-Теміртау қаласында республикалық конкурс өтетіндігі туралы жетекшім Дияр Абуханов ағайымнан естідім. Ол кісі маған байқауға қатысуға ұсыныс жасады. Осылайша Дәмелі екеуміз бірлесе жүріп, дайындықты бастап кеттік. Қазіргі уақытта жаңа технологияларды шет елдермен байланыстырып жатады ғой. Біз «қара жорға» билейтін роботты жасау арқылы, бұл стеоротипті бұзғымыз келді. Яғни, Қазақстан да болашақта бәсекеге қабілетті өнертапқыштардың еліне айнала алады. Бастапқыда роботты картоннан жасап, тексеріп көрдік. Кейін макетті пеноплекстен жасап шығардық. Программа жасап, оны ардуино платасына құйдық. Тетікті басқанда робот өзі билеп кететіндей мүмкіндік жасадық. Алға қарай роботты одан әрі дамытқымыз келеді. Қазір робот ролик арқылы қозғалады. Енді біз оны өз аяғымен жүретіндей етіп, мейілінше адамның қимыл-әрекетін көбірек жасайтындай еткіміз келеді,- деді Қ.Әйіпқалиев.
Жас өнертапқыштардың ұстазы Дияр Абуханов «Робототехника» курсында білім алып жүрген оқушылардың талабы, ізденісі жоғары екенін мәлім етті.
-Бізде теорияға қарағанда практикалық жұмыстарға көбірек басымдық берілетіндіктен, оқушылардың қызығушылығы күн санап жоғарылап келеді. Теміртау қаласында өткен конкурсқа 80-ге жуық оқушы қатысып, жобаларын көрсетті. Елімізде робототехника саласының қарқынды дамып келе жатқаны қуантады,- деді JasSpace кеңістігінің тренері Дияр Абуханов.
Еске сала кетейік, JasSpace бағдарламасы «Шеврон» компаниясының қолдауымен Атырау жастарын дамыту бастамасы аясында жүзеге асырылуда. Адами капиталды дамытуға арналған бағдарлама аясында JasSpace кеңістігінде 7-11 сынып оқушылары тегін STEAM курстар бойынша білім алуда.