Облыстық тарихи-өлкетану музейінде Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесіне орай муляждық нұсқада қазақ халқының ұлттық тағамдарынан және ағаш бұйымдарынан жасалған коллекциялық көрменің ашылу салтанаты өтті деп, хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Аталған іс-шараны аталған музейдің экскурсия және бұқаралық бөлімінің экскурсоводы Нұргүл Шалимова таныстырды.
— Бүгінгі көрменің негізгі мақсаты – өскелең ұрпаққа дәстүрлі қазақ қоғамында ағаштан түйін түйген шеберлердің жасаған бұйымдарын, ыдыс-аяқтарының жасалу әдісін түсіндіріп, қазақ халқының ұлттық тағамдарын дәріптеу. Көрмеге музей қорында жинақталған ағаш бұйымдарының коллекциялары саба, тегене, көзе, ожау, торсық, кесеқап, күбі келсап, саптыаяқ, май сауыт және тағы басқа құралдар қойылып, олардың жасалу тәсілдері насихатталды. Сонымен қатар муляждық нұсқада жасалған қазақ халқының ұлттық тағамдары шұбат, қымыз, айран, уыз, май, қаймақ, балқаймақ, сүзбе, ірімшік, құрт және бас табақ, орта табақ, құдағи табақ, күйеу табақ, қыз табақ, жылқының қазы-қартасы, жал-жаясы тағам түрлері таныстырылды,- деді Н.Шалимова.
Іс-шараға музей қызметкерлері және облыстық Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының оқушылары қатысты. Аталған көрме көшпелі тұрмысқа сай келетін, әрі ыңғайлы етіп ағаштан жасалған ыдыс-аяқтардың өзіндік көркемдігімен және қарапайым әсемдігімен өзгешеленді.