Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, «Қазгидромет» РМК мамандары 15-17 наурыз аралығында Қызылқоға ауданының аумағындағы өзендерде су деңгейінің көтерілуі мүмкін екеніне болжам жасаған.
«Ақтөбе облысындағы өзен алқаптарының жоғары жағынан ағып келетін суға байланысты Атырау облысының Қызылқоға ауданындағы өзендерде су деңгейінің көтерілетіні күтіледі. Мұндай жағдайда аудандағы елді мекендерді су басу қаупі туындайды. Осыған байланысты департамент пен жергілікті атқарушы органдар алдын алу жөнінде барлық іс-шараны атқарып жатыр. Ықтимал су тасқыны туралы болжам алынған кезде халықты сиренаның көмегімен, радио және телевизиялық хабар тарату желісі арқылы, басқа да құралдармен хабардар ету жүзеге асырылады. Тек ресми ақпараттарға сенген жөн», — деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.