Атыраулық сурдодзюдошы Ерсін Болатов Азия чемпионы атанды, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Наурыздың 5-6 күндері Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында сурдодзюдодан Азия чемпионаты өтті. Осы додада атыраулық Ерсін Болатов іріктеу кезеңінде өз тобындағы моңғол, корей спортшыларын жеңген. Ал, ақтық сында жапондық палуанды 8 секундта иппон әдісімен ұтқан.
— Қырғызстан астанасы – Бішкек қаласында сурдодзюдодан Азия чемпионатына қазақстандық спортшылар да қатысты. Бұл додада атыраулық сурдодзюдошы Ерсін Болатов 60 келі салмақта бақ сынап, Азия чемпионы атанып отыр,- деді облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұржауған Төлеуова.
Айта кетейік, Азия чемпионы атанған сурдодзюдош Миялы ауылындағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің түлегі.