Соңғы күндері Ақтөбе облысы Ойыл өзенінен тасқын судың көп келуі байқалады, бұл Атырау облысы Қызылқоға ауданы Миялы ауылын су басу қаупін тудыруы мүмкін, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Миялы ауылы маңындағы тасқын су деңгейін төмендету мақсатында 11 наурыз күні сағат 04.30-да Миялы және Жангелдин елді мекендері арасындағы жолдың бір бөлігін арнайы техниканың көмегімен ашу туралы шешім қабылданды. Нәтижесінде ауыл маңындағы су деңгейі төмендей бастап, тасқын судың негізгі бөлігі Жарыпшыққан өзенінің арнасымен ағып кетті. Осылайша елді мекенді су басудың алдын алуға мүмкіндік туды. Сондай-ақ, өткен жылдан бері осындай жағдайға құмды бөгеттің бір бөлігі қалдырылған жол учаскесі ашылғанын да айта кету керек.
Қазір барлық қауіпті учаскелерде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылады. Ойыл өзеніндегі су деңгейі төмендеп, 2,5 м шамасын көрсетіп тұр.