Орал және Ақсай қаласы көшелері мен тұрғын үй аулаларында еріген қар суы жиналып, апаттық жағдай туғызды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, 28 ақпан күні сағат 16.00-ден 23.00-ге дейін күн 2 градусқа дейін жылынғандықтан, қар қатты еріді.
«Төтенше жағдай департаменті және жергілікті атқару органдарының күшімен еріген қар суын бұру және сору жұмыстары жүргізілді. Көшелер мен аула аумақтарынан 933 текше метр су сорылып, 5 100 текше метр қар шығарылды. Үйлерге су кіру дерегі тіркелген жоқ», деп хабарлады ведомстводан.
Орал қаласы әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, шаһарда
су тасқынына тосқауыл қою мақсатында жедел штаб құрылды.
Қала аумағындағы жағдайға байланысты штабтың жоспардан тыс отырысы өтіп, су тасқынын жою жөнінде тапсырмалар берілді.
Қыс бойы қала аумағынан 161 636 текше метр қар шығарылып, 2 685 текше метр су сорылды. Қазіргі таңда қала бойынша 360 адам, 192 арнайы техника, соның ішінде 18 вакуумдық машина су сору жұмыстарына тартылған.