Jannah Theme License is not validated, Go to the theme options page to validate the license, You need a single license for each domain name.
БастыҚоғам

Атырауда биыл өңірдегі 120 шақырымнан астам жол пайдалануға беріледі

Осы жылы облыс көлеміндегі автомобиль және жүргінші жолдарының 120 шақырымынан астамы қайта жаңғыртылып, пайдалануға беріледі. Бұл туралы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Самат Айтқалиев баспасөз брифингінде мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Атырау облысында жалпы қолданыстағы автомобиль жолының ұзындығы 3052 шақырымды құрайды. Оның 1125 шақырымы республикалық маңызы бар жол болса, қалғаны облыстық және аудандық деңгейдегі жол. Өткен жылы өңірде жалпы ұзындығы 201 шақырым жолға күрделі жөндеу, қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Ал биыл Құрманғазы, Махамбет, Мақат, Қызылқоға, Индер аудандарында жалпы ұзындығы 120 шақырымнан астам жол пайдалануға беріледі.

-Осы жылы 120 шақырымды қамтитын автомобиль жолына жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланды. Оның ішінде облыстық «Индер-Миялы-Қарабау-Сағыз» автокөлік жолы, аудандық маңызы бар «Ақкөл-Қызылоба-4 разъезд-Қиғаш» автокөлік жолы, облыстық маңызы бар «Құрманғазы-Приморье-Утеры-Котяевка» мен «7-разьезд-Асан, Азғыр, Сүйіндік-Балқұдық» автомобиль жолын жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар Құлсары қаласындағы «Атырау» ықшам ауданы және Ақкиізтоғай ауылы, Махамбет ауданының Махамбет ауылының, Мақат ауданы Доссор кентінің, Құрманғазы ауданының Дәшін, Ақкөл, Затон ауылдарының ауілішік жолдарының құрылысы және қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ, Қызылқоға ауданының Сағыз, Кенбай, Мұқыр, Миялы ауылдары, Индер ауданының Өрлік ауылы, Исатай ауданының Тұщықұдық, Исатай, Зинеден, Аққыстау аулдарының да жол құрылысы мен қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілмек, — деді С.Айтқалиев.

Баспасөз конференциясы барысында С.Айтқалиев республикалық маңызы бар «Атырау-Астрахань» тас жолының құрылысына да тоқталып өтті. Бүгінде жолдың 277 шақырымына қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2021 жылы 60 шақырым пайдалануға берілді, 2022 жылы 217 шақырымына қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта жолдың 80 шақырымының төменгі жол жабындысымен (нижний слой покрытия) қозғалыс ашылған. Жыл соңына дейін қалған 137 шақырымының төменгі жол жабындысымен қозғалыс ашу жоспарлануда.

Айта кетейік, аталған жобаларға республика және облыстық бюджеттен 22,9 млрд теңге қаржы бөлініп отыр. Оның ішінде 12 млрд теңге республикалық болса, 10,9 млрд теңге жергілікті бюджеттен бөлініп отыр.

Back to top button