Қазақстандық құтқарушылар Түркияда іздеу-құтқару жұмыстарын жүргізе бастағалы 7 адамды құтқарып, медицина қызметкерлеріне тапсырды. Сондай-ақ қайтыс болған 80 адамның денесін үйінді астынан шығарды, олардың 7 бала.
Бұл мәліметтерді бүгін ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазіргі уақытта қазақстандық құтқарушылар іздеу-құтқару жұмыстарын жалғастыруда.
Газиантеп қаласында бірінші эшелонмен барған құтқарушылар тәулік бойы екі ауысымда екі учаскеде жұмыс істеп жатыр.
Құтқарушылардың бір тобы тоғыз қабатты ғимаратта жүр. Ғимарат толығымен қираған, үйінділердің астынан 4 адам құтқарылды, 22 адамның денесі шығарылды.
Құтқарушылардың басқа тобы алты қабатты ғимаратта жұмыс жүргізуде. Ғимарат толығымен қираған. Үйінділердің арасынан 24 адамның денесі шығарылды.
Қазақстанн ТЖМ екінші эшелонмен барған құтқарушылар Түркияға келген сәттен бастап Нурдагы қаласында іздеу-құтқару жұмыстарын тәулік бойы жүргізуде. Толығымен қираған ғимаратта қазақстандық құтқарушылар адамдардың орналасқан жері мен жай-күйін анықтау, үйінділер астында зардап шеккендермен аудио байланыс орнату, қажетті көмектің көлемі мен сипатын анықтау бойынша жұмыс жүргізді.
Қазақстандық құтқарушылар көлемі 18 мың текше метрден асатын үйіндінің астынан үш тірі адамды — ер адам мен екі әйелді шығарды. Адамдар дереу медицина қызметкерлеріне жеткізілді. 11 адамның денесі шығарылды. Зардап шеккен адамдарды іздеуге техникалық құралдар, үйінділерді бөлшектеугеарналған инженерлік техника пайдаланылуда. Үйінділердің арасынан адамдарды іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.