Jannah Theme License is not validated, Go to the theme options page to validate the license, You need a single license for each domain name.
БастыСаясат

Сайлаудағы өзгеріс: Мәжіліс депутаттарының мандаты қысқарады

7-ші сайланған Парламенттің Мәжілісі таратылды. Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнаулы Жарлығымен келесі Мәжіліс депутаттарын сайлау науқаны 19 наурызға белгіленіп отыр. Осыған орай алдағы саяси додадағы басты өзгерістерге тоқталуды жөн көрдік.

Мандаты қысқарған Мәжіліс

Бұған дейін, яғни жетінші сайланған Парламенттің Мәжілісінде 107 депутат болғаны белгілі. Ал жаңадан жасақталатын Мәжілісте мандат саны 9-ға қысқарып, 98-ді құрап отыр. Қысқартылған бұл 9 мандат осы уақытқа дейін Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан сайланатын депутаттарға тиесілі болатын. Алайда өткен жылдың маусымындағы Референдумнан кейін қабылданған заңға сәйкес, Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан еліміздің жоғары заң шығарушы органына берілетін мандат саны беске қысқарылып, оның өзі Сенатқа берілген еді. Бұл республиканың Ата заңында да жазылды. Яғни, бұған дейін Президент 15 Сенат депутатын тағайындайтын болса, ол сан 10-ға дейін қысқарып, енді соның бесеуін Қазақстан халқы Ассамблеясы ұсынуы тиіс. Бұл норма 8-ші сайланатын Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауынан бастап қолданылады.

«Сенат конституциялық заңда белгіленген тәртіппен әр облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және Қазақстан Республикасының астанасынан екі адамнан өкілдік ететін депутаттардан құралады. Сенаттың он депутатын, оның ішінде бесеуін Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысы бойынша Республика Президенті тағайындайды» , — делінген Қазақстан Конституциясының 50-бабының 2-тармағына енгізілген өзгертуде.

Сонымен өткен жылы түзетулер енгізілген Конституциямызға сәйкес, Мəжіліс конституциялық заңда белгіленген тəртіппен аралас сайлау жүйесі бойынша: біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша пропорционалды өкілдік ету жүйесі бойынша, сондай-ақ бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын 98 депутаттан тұрады. Мәжіліс депутаттарының өкілеттік мерзімі — бес жыл.

Мəжілістің депутаттарын сайлау жалпыға бірдей, тең жəне төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жүзеге асырылады.

«Енді Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізім арқылы, ал қалған 30 пайызы бір мандатты округтерден сайланады», — деген еді кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауына қатысты халыққа жасаған мәлімдемесінде.

Мәжіліс депутаттарының бұл сайлауында мұнан да өзге өзгешеліктер бар. Нақтырақ айтар болсақ, елімізде жүргізілген конституциялық реформа аясында саяси партияларды тіркеу рәсімі айтарлықтай жеңілдетілді. Партия мүшелерінің санына қатысты талап та түбегейлі өзгерді десек болады. Айталық, бұған дейін партия құру үшін оған мүше азаматтардың саны 20 мың болу тиіс болса, реформадан кейін ол шек 5 мыңға дейін қысқартылды. Тағы бір өзгеріс партиялардың аймақтардағы өкілдіктерінің мүшелеріне қатысты. Яғни, бұған дейін партия құру үшін әр өңірде кемінде 600 жақтасың болу шарт еді. Ал қазір 200 адам партияңызды қолдаса, саяси ұйымның тіркелуіне жеткілікті. Дәл осы мүмкіндікті бірқатар саяси белсенді қолданып та үлгерді. Бұған дейін елімізде Amanat партиясы, «Ақ жол» демократиялық партиясы, Қазақстан халық партиясы, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы белсенділік танытса, ендігі уақытта олардың қатары «Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясымен Respublica партиясымен толығып отыр.

Сонымен бірге, Мемлекет басшысы атап өткендей, сайлау бюллетеніне «бәріне қарсымын» деген бағанның енгізілуі де өте маңызды шешім болды. Партиялардың Мәжіліске өтуіне қажетті дауыстың төменгі шегі 7-ден 5 пайызға дейін азайды. Бұл да – елімізді демократияландыру жолындағы айрықша мәні бар қадам.

«Сайлау үдерісіне қоғамның түрлі өкілдерін барынша тарту үшін заңнамаға басқа да тың өзгерістер енгізілді. Мысалы, депутаттық мандаттың 30 пайызын әйелдерге, жастарға және ерекше қажеттілігі бар азаматтарға бөлу заң жүзінде бекітілді. Мұның бәрі саяси бәсекені күшейтеді, саяси жүйенің ашықтығын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, саясаткерлердің жаңа буынының қалыптасуына жол ашады», — деп атап өткен еді Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдемесінде.

Мәслихат депутаттары да аралас жүйемен сайланады

Айта кетерлігі, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихат депутаттары да аралас жүйе бойынша сайланады. Мұны да Мемлекет басшысы бүгінде ел тұрғындарына жасаған мәлімдемесінде атап өтті.

«Депутаттардың 50 пайызы бір мандаттық жүйе арқылы, 50 пайызы партиялық тізім бойынша өтеді. Ал, аудан және облыстық маңызы бар қалалардағы мәслихат сайлауында азаматтар бір мандатты округтерден шыққан кандидаттарға дауыс береді. Осылайша, Мәжіліс пен мәслихаттар жаңа үлгі бойынша жасақталады. Сонда сайлаушылардың мүддесі жалпыұлттық және аймақтық деңгейде толық қорғалады. Өкілді билікке түрлі көзқарастағы азаматтардың келуіне мүмкіндік туады. Азаматтық қоғамның одан әрі дамуына айтарлықтай жағдай жасалады», — деді Президент.

Мемлекет басшысының атап өтуінше, сайлау науқанын ұйымдастыру және оны өткізу ісінде аумақтық сайлау комиссиялары маңызды рөл атқарады. Енді облыстық сайлау комиссиялары кәсіби түрде тұрақты жұмыс істейді. Бұл шешім сайлауға қатысты іс-шаралардың сапалы атқарылуын қамтамасыз етеді.

«Қазақстанда қарқынды және жан-жақты жаңару үдерісі жүріп жатыр. Бұл сайлау қоғамдағы өзгерістердің көрінісі ретінде саяси жүйеміздің одан әрі жаңғыруына зор ықпалын тигізеді. Қазір әлемде дәл осындай ауқымды өзгерістерді қолға алған мемлекеттер көп емес. Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы мемлекеттік билік институттарын жаңғырту жұмыстарының қорытынды кезеңі болмақ. Осылайша, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты толық іске асады. Біз бір ел, бір халық болып, Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Осы жолда түрлі сын-қатерді еңсеріп, көптеген маңызды міндетті бірге атқаруымыз керек», — деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Back to top button