Атырауда «Тарифті инвестицияға айырбастау» саясаты жүргізіледі
Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Атырау облысы бойынша басшысы Әлібек Төлеп мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Өткен жылдың қыркүйек айында өткен Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру шеңберінде «Тарифті инвестицияларға айырбастау» атты реформасы жүзеге асып отыр. Бұл саясаттың іске асуының негізгі мақсаты – өңірдегі электр қуатымен қамтамасыз ететін желілердің, жылу коммуникациясының және су құбыры желісінің тозу деңгейін төмендету.
-Президент тапсырмасына сәйкес қазір үкімет тарапынан бірқатар жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өткен жылдың желтоқсан айында аталған тапсырма бойынша жаңа заңға қол қойылып, бүгінде күшіне енді. Аталған заң аясында еліміздегі бірнеше проблемаларды шешу көзделген. Ең бастысы – өңірдегі монополист компаниялардың құзырындағы желілердің тозу деңгейін төмендету. Ол үшін алдымен монополист компаниялардың инвестициялық бағдарламаларын ұлғайту керек. Желілердің ескіруі, ол – бір күнде пайда болған мәселе болмағандықтан, оны төмендету де бір жылда аяқталмайтыны анық. Сондықтан қазіргі біздің мақсатымыз – монополист компанияларға тиесілі желілердің тозу деңгейін 15%-ға дейін төмендету. Бұл жұмыстар кезең-кезеңімен іске асатын болады,- деді Ә.Төлеп.
Сондай-ақ облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Серікқали Қанапин облыстағы желілердің жай-күйі туралы айтып өтті.
-Облыс аумағында 567,7 шақырым жылу жүйесі бар. Бүгінде олардың тозу деңгейі 58,7%-ды құрап отыр. Ал 14 352 шақырым электр желілерінің тозу деңгейі 40%-ға жетсе, сумен жабдықтау желілері 4 263 шақырымның 29%-ның тозығы жетіп отыр. Аталған мәселені шешу үшін Табиғи монополияларды реттеу комитетінің ұсынысы арқылы инвестициялық бағдарламалар шеңберінде жұмыстар жүргізілуде, — деді С.Қанапин.