Маңғыстаудағы адамшошырлық оқиға: көршілері отбасы туралы айтты
Маңғыстау облысында 38 жастағы ер азамат әуелі үш баласын, содан кейін өзін асып өлтірген. Балалардың үлкені 8-де, ал кішісі әлі бір жасқа да толмаған. Алдын ала мәлімет бойынша, қайғылы оқиғаға отбасындағы ұрыс-керіс себеп болған, — деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.
Көршілерінің айтуынша, олар қарапайым, тыныш отбасы болған. Ерлі-зайыптылар наубайханада жұмыс істеген.
«Көрші ретінде жақсы адамдар болды. Балалары, күйеуі, әйелі жақсы болып көрінді. Олардың қайсысы жұмыс істегенін білмеймін, көлікпен жүретін. Әрине, бұл жантүршігерлік жағдай баршамызды шошытты», — дейді көршісі Елизавета Музыка.
Тексеру барысында Б. есімді азамат жіберген аудиожазба анықталған. Ол жұбайы Д. есімді азаматшаға өлетінін және балаларын өзімен бірге алып кететінін айтқан. Бұл оқиға отбасылық жанжал негізінде орын алғандығы және бұл адамдардың ажырасқалы жатқандығы белгілі болды.