Атырау облысындағы Құлсары саласында 100 үй салынып жатыр. Оның 80-і тамыздың соңына дейін пайдалануға беріледі. Бұл туралы Казинформ жазды.
Атырау облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұрберген Құсайыновтың мәліметінше, Құлсары қаласындағы 100 үйдің құрылысын жүргізуге 8 мердігер компания тартылған. Бұл компанияларда 374 адам жұмыс істейді.
«Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласында тасқыннан зардап шеккен тұрғындар үшін жаңа шағын ауданда 100 үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Жаңа шағын ауданға «Болашақ» деген атау берілді. Қазір мұнда құрылыс жұмысы қарқын алды. Тамыз айының соңына дейін жаңадан салынған 80 үйді пайдалануға беру көзделіп отыр. Ал, 20 тұрғын үйдің құрылысы қыркүйек айында аяқталады. Әр үйдің көлемі – 100 шаршы метр, 5 бөлмесі бар», — деп хабарлады Нұрберген Құсайынов.
Оның дерегіне сүйенсек, осы кезге дейін 81 үйдің қабырғасына тас қалау жұмысы аяқталған. Ал, 41 үйдің шатырын жабу жүріп жатыр. Шатыры жабылған 22 үйдің қабырғасына ішкі, сыртқы сылақ жағу басталып, 31 үйге электр, 16 үйге су мен кәріз желісі тартылған.
Сондай-ақ Құлсары қаласында су тасқыны кезінде бүлінген 12,1 шақырым автожолды қалпына келтіру жоспарланған. Қазір жолдың 4,9 шақырымы жөнделді.