Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Бақтықожа Ізмұхамбетов жұмыс сапарымен Атырау облысына барып, өңірдегі әскери бөлім құрамымен, полицейлермен және Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент қызметкерлерімен кездесті.
Кездесу барысында Б. Ізмұхамбетов әскери бөлімнің жеке құрамымен, олардың материалдық-техникалық жабдықталуымен және әскери қызметшілердің жағдайымен танысты. Мұнан кейін мәжілісмен облыстық полиция департаментінің қызметкерлерімен жүздесті. Онда қала аумағындағы қоғамдық тәртіп, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға бақылау жүргізіп, қызметкерлердің ой-пікірін тыңдады.
Өз кезегінде Бақтықожа Ізмұхамбетов полицияның қоғамдағы рөлін ескере келе, тәртіп сақшыларына да мемлекет тарапынан әлеуметтік және құқықтық қолдау қажет екенін атап өтті.
«Қауіпсіз мемлекет құру – мемлекеттік саясаттың негізгі ұстанымдарының бірі. «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасына сәйкес, біз құқық қорғау органдары қызметкерлерін құқықтық және әлеуметтік қорғауды арттыру жөнінде кешенді шара қабылдауды жалғастырамыз. Полиция қызметі тиімді, есеп беруге міндетті саналып, қазақстандықтардың қажеттілігін өтеуге тиіс. Кәсібилік, имандылық пен адамгершілік полиция қызметкерінің ізгі қасиеттеріне айналуы керек, — деді ол.
Сонымен қатар Мәжіліс депутаты өңірдегі Төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамымен кездесті.
Жиын барысында халық қалаулысы №13 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің материалдық-техникалық жабдықталуымен танысты. Кейін жеке құраммен кездесіп, оларды толғандыратын мәселелерді тыңдап, Парламент қабырғасында атқарылып жатқан жұмыстар мен жаңадан қабылданған заңдар туралы ақпарат берді.
Басқосуда сондай-ақ жеке құрамның біліктілігін арттыруға және жұмыс жағдайларын жақсартуға қатысты мәселелер талқыланды.