Атырау облысының Ресеймен шекарадағы Құрманғазы ауданының тұрғынын қарақұрт шаққан. Балқұдық ауылындағы әріптестерінің шақыртуымен келген Астрахань облысының дәрігерлері қарақұрт шаққан тұрғынға медициналық көмек көрсетті.
Астрахань облыстық денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратына қарағанда, Құрманғазы ауданының Балқұдық ауылының дәрігерлері көршілес елдегі әріптестерінен көмек сұраған.
«29 маусымда Қазақстан Республикасы Атырау облысы Балқұдық ауруханасының дәрігерлері Харабалы аудандық ауруханасына хабарласты. Ондағы емдеу мекемесіне 1970 жылы туған жергілікті тұрғын жәндіктің шағуынан токсикалық уланумен түскен. Жергілікті тұрғынды қарақұрт шаққаны жөнінде болжам жасалған. Ер адамға шұғыл мамандандырылған медициналық көмек қажет болды. Мұндай көмек көрсете алатын Балқұдық ауылына ең жақын медициналық мекеме – Харабалы аудандық ауруханасы. Балқұдық ауылына реанимация бригадасы аттанды. Зардап шегуші аудандық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілді», — деп хабарлады Астрахань облысының денсаулық сақтау министрлігі.
Харабалы аудандық ауруханасының дәрігерлері науқасқа қажетті емнің бәрін жүргізген. Екі күннен кейін атыраулық науқас жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылған. Қазір оның өміріне төніп тұрған қауіп жоқ.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда Ресей азаматтығын алғанын хабарламаған әйелге 516 мың теңге айыппұл салынғанын жазған едік.