Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, «Жеңіс» саябағындағы ескерткіштің құлауына күн райының күрт өзгергені әсер еткен. Кеше, 25 маусымда кешкі сағат 21:40 шамасында Атырау қаласында ауа-райы күрт өзгеріп, қатты жел соқты. Нөсер жауды.
«Соның салдарынан «Жеңіс» саябағында орналасқан ескерткіш құлап, салдарынан бір отбасының 2015 және 2017 жылы туған балалары Атырау облыстық балалар ауруханасына түсті. Ауыр дене жарақатын алған 7 жасар қыз жансақтау бөліміне жатқызылған еді. Алайда, ол жарақатының ауырлығына байланысты тиісті ем-шаралар көрсетілгенімен, қайтыс болды. Ал, 2015 жылы туған жасөспірімнің қолы сынған. Оған жарақат таңу бекетінде ем көрсетіліп, сынығы бар қолына гипс салынды. Амбулаториялық ем қабылдау үшін үйіне жіберілді», -деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.