Атырау облысының құтқарушылары бір түнде 132 тұрғынды қайықпен тасымалдады. Оның ішінде 11 бала, 1 жүкті әйел бар.
Атырау облысы жедел штабының мәліметінше, Жайық өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты Махамбет пен Сарытоғай ауылы аралығындағы жол жабылды. Ауылдарға қауіп төндірген судың ағысын бұру үшін аталған жол жырылды.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, осыған байланысты жедел құтқару жасағының құтқарушылары Махамбет ауданының Жайық жағасында орналасқан 13 елді мекенде кезекшілік атқарып жүр.
«Құтқарушылар кеше, 19 мамыр кешкі сағат 20:00-ден 20 мамыр күнгі таңертеңгі сағат 08:00-ге дейін аталған ауылдарда кезекшілік атқарды. Бір түнде Махамбет ауылы мен Сарытоғай елді мекені аралағында 132 тұрғынды, оның ішінде 11 баланы қайықпен тасымалданды», -деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.
Қайықпен тасымалданған тұрғындардың бірі – жүкті әйел. Құтқарушылар оны Сарытоғай ауылынан аудан орталығы – Махамбеттегі жедел жәрдем көлігіне жеткізген.