Jannah Theme License is not validated, Go to the theme options page to validate the license, You need a single license for each domain name.
БастыҚоғам

Құлсарыда су басқан тағы 200-ден астам үйді бағалау қорытындысы дайындалған

Құлсары қаласында мобильдік топтар су тасқынынан зардап шеккен үйлердің залалын бағалау және техникалық сараптама қорытындысын тарату бойынша жұмысты жалғастырып жатыр.

«Бүгін 6 мобильді топ мүшелері 100-ге жуық тұрғынға бағалау нәтижелерін таныстырады. Бағалау нәтижесімен танысқан тұрғындар 2 күннен соң өтемақы алу үшін Жылыой ауданының әкімдігіне жүгіне алады», — деп хабарлады Атырау облыстық жедел штабы.

Құлсары қаласының тұрғыны Гүлнұр Ілиясованың айтуынша, үйіне кірген тасқын судың деңгейі терезе жақтауына дейін жеткен.

«Үйіміз тұруға жарамсыз болып қалды. Біз үйдің бір шаршы метріне 240 мың теңге берілсе, оған келісеміз. Бұл қаражат үйімізді бұзып, қайтадан салуға жеткілікті болады», — дейді Гүлнұр Ілиясова.

Су тасқыннан зардап шеккен тағы бір тұрғын Күләш Аманбайқызы мемлекеттің қолдау көрсететініне сенеді.

«Мемлекет тарапынан үйімнің бір шаршы метріне 200 мың — 240 мың теңге көлемінде ұсынылып отырған қаржы жеткілікті деп ойлаймын. Дәл қазіргі мақсатым – үйімді тездетіп салып алу. Маған артық ештеңе қажет емес, ұсынылған өтемақыға ризамын», — дейді Күләш Аманбайқызы.

Қазір Құлсары қаласындағы №20 мектепте үйлері апатты деп танылған тұрғындармен меморандум жасау үшін өтініштер қабылданып жатыр.

Back to top button