Индер ауданындағы Жайық деңгейі төмендегенмен, қауіп сейілмеген. Аудан әкімі Дарын Шамұратов тасқын судан төнуі мүмкін қауіптің сейілмеуінің бірнеше себебін атады.
«Соңғы күндері су деңгейінің біртіндеп төмендегені туралы ақпарат берілді. Дегенмен төмендеу көрсеткіші айқын көрінбей отыр. Сондықтан қауіп әзірге сейілген жоқ. Біріншіден, 12 мамыр күні Индербор кентіндегі бөгет жанынан шыққан су әлі тоқтаған жоқ. Сол суды насоспен Жайық өзеніне кері құйып жүрміз. Судың шыққан көзін бітеп көргенде, басқа жерден су жарып шықты. Аға буын өкілдерінің пікірінше, осы шамада кеңес дәуірінен қалған ескі тұрбалар мен шахталар бар. Екіншіден, бөгет бойындағы өрт сөндіру бекетінен «Бастау» мейрамханасына дейінгі шамамен 700 метрдей аралықта сыз, дымқыл байқалды. Бұған қосымша саябақ аумағындағы тал егуге қазылған шұңқырлардан жерасты суы өніп тұр», -деді Дарын Шамұратов.
Оның айтуына қарағанда, қазір Индербор кентіндегі бөгетті қосымша бекіту жұмысы жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, шіркеу мен саябақтың алдыңғы жағынан тағы бір бөгет соғылады.
«Біз алдымен тұрғындардың, бөгетті нығайтып жүрген азаматтардың қауіпсіздігін сақтауға көңіл аударып отырмыз. Себебі биыл соғылған жаңа бөгеттің кей тұсы ортасынан жарылып, қапшықтар құлады. Дегенмен Жайық өзенінің деңгейі соңғы екі күнде -2-4 сантиметрге төмендеді. Бірақ өзен арнасының қауіпті деңгейден 2 метрге жуық асқанын ескерсек, маусым айы басталғанға дейін босаңсуға жол беруге болмайды», -деді Дарын Шамұратов.