Атырау-Орал трассасынан Индер ауданына баратын 7 шақырымдық жолды су басу қаупі қайта төнді. Осыған байланысты аталған жол бөлігімен жүк көліктерінің қозғалысына шектеу қойылды.
Индер ауданының жедел штабының ақпаратына қарағанда, қауіптің күшеюіне екі себеп әсер етіп отыр. Біріншіден, Жайық өзеніндегі су деңгейі көтеріліп, бүгін, 12 мамырда күндізгі сағат 16:00-де 1 035 сантиметрге жеткен. Бұл қауіпті деңгейден +190 сантиметрге көп. Екіншіден, бүгін аудан екпінді жел соғып, Индербор кентіне баратын жолға тірелген судың толқынын күшейткен.
«Жолдың екі жағына топырақ төгіліп, бөгет соғылған еді. Бірақ, су асфальттың астынан өтіп, енді бетіне шығып жатыр. Осыған байланысты Атырау-Орал трассасынан Индербор кентіне дейін баратын 7 шақырымдық жолда жүк көліктерінің қозғалысы тоқтатылды. Қазір жағдай бақылауға алынып, тиісті жұмыстарды атқару әлі де жалғасуда», — деп хабарлады аудандық жедел штабтан.