Жайық өзенінің суы Индер ауданында қауіпті деңгейден асып кетті. Өзен арнасы 8 метр 56 сантиметр құрады.
«Қазгидромет» РМК Атырау облыстық филилалының гидрологиялық мониторинг дерегіне қарағанда, Индер ауданында Жайық өзенінің қауіпті деңгейі – 845 сантиметр.
5 мамырда таңертеңгі сағат 08:00-де Индерор кентінің тұсында су деңгейі қауіпті шектен 7 сантиметрге асқан. Таңертең өзен суы 852 см болса, күндізгі сағат 12:00-ге дейін тағы 4 см-ге ұлғайған. Сөйтіп, 856 сантиметрге жетті.
Ал, Махамбет ауданында су деңгейі қауіпті шекке жетпегенімен, жақындап қалды. Бұл аудандағы қауіпті шек – 8 метр 50 см. Бүгін таңертеңгі сағат 08:00-де мұнда өзен арнасындағы су деңгейі 846 сантиметрді құрады. Түскі сағат 12:00-де тағы 2 см-ге көбейіп, 848 см-ге жетті.
Атырау қаласы мен оның маңындаңы елді мекендердің тұсында да Жайық суы көтеріліп келеді. Мәселен, мұнайлы шаһарда бүгін таңертеңгі сағат 12:00-де 490 см-ді құрап тұр. Судың қауіпті деңгейі – 5 метр 50 см.