Маңғыстау облысының Түпқараған ауданындағы Каспий теңізі жағалауына мониторинг жүргізу барысында 12 итбалықтың өлексесі табылды.
Теңіз жануарларының қырылғанын 25 сәуір күні облыстық балық инспекциясы басқармасының Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлері анықтады.
«Оқиға туралы жұмыс тобына кіретін жергілікті атқарушы органдар, мамандандырылған ғылыми ұйымдар, Каспий итбалығын зерттеу және оңалту орталығы, Гидробиология және экология институты, қазақстандық Қолданбалы Экология агенттігі, Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығы, облыстың ветеринариялық қызметі, Экология және полиция департаменттері, Табиғат қорғау прокуратурасы жедел түрде хабардар етілді. Инспекция мен жергілікті атқарушы органдардың, Гидробиология және экология институтының өкілдерінен тұратын жұмыс тобы итбалықтар анықталған орнынға шықты», — деді балық шаруашығы комитетінің өкілдері.