Jannah Theme License is not validated, Go to the theme options page to validate the license, You need a single license for each domain name.
БастыМәдениет

Атырау облысында Ұлыстың ұлы күніне орай мыңға жуық іс-шара ұйымдастырылды

22 наурыз — Ұлыстың ұлы күнінде Исатай-Махамбет алаңында 15 киіз үй тігілді. Мейрамды тойлауға жиналғандар наурыз-көже ішіп, ұлттық тағамдардан дәм татты. Сондай-ақ қазақтың салт-дәстүрі дәріптеліп, ұлттық ойындар ұйымдастырылды. Наурыз тойына қатысқан аймақ басшысы Серік Шәпкенов киіз үйлерді аралап, қала тұрғындарын әз Наурыз мерекесімен құттықтады.

Бұдан кейін «Қош келдің,Әз Наурыз!» атты мерекелік концерт ұйымдастырылды. Шараның шымылдығы М.Өтемісұлы атындағы академиялық қазақ драма театры әртістері сахналаған «Қош келдің көктем» атты театрландырылған көрініспен ашылды. Жиында сөз сөйлеген облыс әкімі Серік Шәпкенов қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келген биылғы Наурыз тойы ерекше тойлану үстінде екенін атап өтті.

⁃ Дана халқымызда: «Ораздының отыз қонағы бір келеді», деген қанатты сөз бар.Сол айтқандайын, биылғы Наурыз ерекше өтіп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев санаулы күн бұрын қасиетті Атырау жеріне арнайы келді, еліміздің ардақты азаматтары Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысын өткізу үшін Атырауда жиналды. Барша мұсылман қауымы асыға күткен Рамазан айында күллі қазақстандық ең асыл тілектерін тілеп, дұғаларын жасауда. Наурызда айтылған дұға-тілек қабыл болады. Наурыз мейрамы әр адамға, әр шаңыраққа береке әкеледі, елімізге құт дарып, ынтымағы артады деп сенеміз. Жылдың бұлай жағымды жаңалықтармен басталуы қар көбесі сөгіліп, қалың қыстан аман шыққан еліміз үшін үлкен серпін берді деп айтуға болады. Жылымыз жаңара берсін, ағайын! Жаңарған жылда жаңа бастамалар көбейсін! Атырауымыз көркейе берсін!-деп тілек білдірді С.Шәпкенов.

Биылдан бастап елімізде 14 — 23 наурыз аралығында әз Наурыз мерекесі «Наурызнама» деген атаумен он күн тойланады. Бүгінге дейін облыс көлемінде мыңға жуық мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.

Back to top button