Қызылқоға ауданының 80 жылдығына орай алғаш рет облыстық «Ұстаз барысы» өтті.
Додаға Атырау қаласы мен Индер, Құрманғазы, Мақат, Қызылқоға, Исатай аудандарынан 23 педагог қатысты. Олар 80 келіге дейінгі және одан жоғары салмақ дәрежесі бойынша өнер көрсетті.
Жарыстың ашылуы салтанатында аудан әкімінің орынбасары Жарас Есенғалиев, облыстық білім беру басқармасының балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік және ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары Сания Махамбетова және облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Қылышбай Сүндетұлы қатысып, ұстаздарға сәттілік тіледі.
Қазақ күресінің ережесіне қайшы келмей, бабы мен бағы қатар шапқан қызылқоғалық Ы.Шөреков орта мектебігің ұстазы Сағат Ғазимов 80 келіге дейінгі салмақта «Ұстаз барысы» атанды. Ал осы салмақ дәрежесінде 2-орынды атыраулық Бекзат Шакупов, 3-орынды индерлік Бейбарыс Қуанышев пен атыраулық Шалқар Таңатар жеңіп алды. Жарыстың 80 келіден жоғары салмақ дәрежесінде Қызылқоғаның тумасы, Д.Қонаев атындағы BINOM SCHOOL мектеп-лицейінің ұстазы Руслан Ізғалиев «Ұстаз барысы» атанса, индерлік Фархад Серіков 2-орынды, құрманғазылық Жеңісбек Төлеуов 3-орынды місе тұтты.
«Ұстаз барысы» атанған балуандарға 200 мың теңгелік сертификат берілсе, «Көрермен көзайымы» атанған мақаттық Асқар Бағытжанов пен исатайлық Ерлан Құрманғалиевке арнайы жүлде берілді.
Сондай-ақ іс-шара барысында облыстық ардагерлер кеңесінің шешімімен «Тәлімгер» төсбелгісімен ардагер ұстаздар Рахмет Ғалиахметов және «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға қосқан үлесі үшін» Оңаш Құмаров пен Шойын Ізімқұл марапатталды. Сонымен қатар ауданның білім беру саласының дамуы мен жасұрпаққа тәлім-тәрбие беруде жеткен жетістігі үшін ауданның бас ұстазы Гүлфайруз Әнжановаға «Білім берудегі әлеуметтік әріптестікті дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен және облыстық кәсіподақтың атынан ардагер ұстаздар Ришат Ғалиахметов пен Бауыржан Досқалиевке республикалық шипажайға жолдама берілді.