Атырауда мектеп оқушылары арасында дәстүрлі «Robotek Grand Tournament-2024» чемпионатының аймақтық іріктеу кезеңі өтті. Байқауға 9 бен 17 жас аралығындағы 150-ден астам бала қатысты.
Білім сайысында 50 команда 7 санат бойынша сайысты. Қатысушылар арасында ең кішкетай сайыскердің жасы — тоғызда. Ахат Беколжас — Исатай ауданы Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектептің 4 сынып оқушысы. Ол сайыста өзі құрастырған роботтың әрбір қимылын жіті қадағалап отырды. Айтуынша, бір қателік барлық еңбекті еш кетіреді.
— Бүгінгі додаға 20 күндей дайындалдық. Роботты модельдеу, оны жасау, іске қосу жұмыстары оңай кезеңнен тұрмайды. Роботты құрастыру оңай болғанымен, бағдарламасын құруға көп уақыт керек болды. Көп еңбекті талап етеді. Робот құрастыруға деген қызығушылығым 3-сыныпта оянды. Бастапқыда мұндай жарыстардың барын білмейтінмін. Бүгінгі сайыста 15 команданың ішінен бағымыз жанып, жүлделі 1 орын иеленіп, Республикаға жолдама алдық, — деді А.Беколжас.
Жоба ұйымдастырушыларының айтуынша, 2016 жылы басталған бұл жоба соңғы үш жылда оң нәтиже көрсетіп келеді.
— Барлық бағытта әр түрлі санаттағы оқушылар өз категориясы бойынша жарысқа қатысады. «Robotek Grand Tournament-2024» турнирінің мақсаты — балалардың робот жасауға қызығушылығын арттыру және техникалық дағдыларын дамыту. Сондай-ақ жастар арасында техникалық мамандықтарды танымал ету. Чемпионат сегіз жылдан бері ұйымдастырылса, соңғы үш жылда облыс өнертапқыштары жоғары нәтиже көрсетіп жүр. Өткен жылы олар «мини-сумо» санаты бойынша республика бойынша бірінші, Түркия елінде 600 команда арасында өткен халықаралық сайыста ТОП-20 санына кірді. Ал биыл Құлсары қаласынан шыққан команда республиқалық сайыста чемпион атанып, Индия, Гоа елінде өткен чемпионатта «Пионер тобы» номинациясын жеңіп алды,-деді «Jasup» жобасының менеджері Асқар Алдан.
Жарыс қорытындысы бойынша жүлделі 1-орынды «Инверстік сызық бойымен жарыс» санаты бойынша Ж.Мырзағалиев орта мектебінің «LC» тобы,
«Жеткізуші робот»санаты бойынша Білім-Инновация Лицейінің «Theta» тобы, «Туды жеткізу» санатында Білім-инновация лицейінің «Gamma» тобы жеңіп алды. Жеңімпаздар 2-3 мамырда Астана қаласында өтетін республикалық кезеңге жолдама алды.