Теңізшевройл компаниясы Атырау қаласы үшін қар тазалайтын жаңа техниканы сыйға тартты
Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының автокөлік паркі жаңа техникамен толықты. «Теңізшевройл» ЖШС Камаз маркалы «КО-806» біріктірілген жол көлігін Атырау қаласына сыйға тартты.
Аталған іс шараға Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкін қатысып, шаһар халқы атынан алғысын білдірді.
— Алдымен «Теңізшевройл» компаниясының жаңа жылдық сыйлығына аймақ басшысы Серік Шәпкенов пен өзімнің және әріптестерімнің атынан, жалпы қала халқының атынан бек рақметімді айтқым келеді.
Қала әкімдігінің басты жұмыстарының бірі — қаланың санитарлық тазалығы, аумақты көгалдандыру жұмыстары болатын болса, сол тазалық бағытындағы жұмыс жоспарлы түрде өз нәтижесін беріп келе жатыр. Осы орайда біздің ұсынысымызды ескеріп, қалаға арнайы әмбебап техниканы сыйлап отырсыздар және өздеріңіз білетіндей келесі кезекте тағы да арнайы сорғы техникасын қалаға сыйға тарту мәселесін көтеріп жатсыздар. Сондықтан бұл жұмыстардың барлығына да тағы ризашылығымызды білдіре отырып, алдағы уақытта әлеуметтік жобалардың Атырау қаласында жүзеге асуына, сонымен қатар сіздердің тарапыңыздан түскен ұсыныстарды қолдауға әзірміз,- деді Ш.Кейкін.
Сондай-ақ ол тазалық пен көгалдандыру жұмысы қашан да басты назарда екенін атап өтті.
— Қаланың көгалдануына жоспарлы түрде атқарылуы тиіс жұмыстар күні кеше талқылауда болды. Ол жерде нақты талқыға түскен – бұл әлеуметтік нысандар. Оның ішінде, мектептер, балабақшалар, денсаулық сақтау орындары және қаланың саябақ салатын орындарына сіздер өз тараптарыңыздан теректер отырғызу және оны үш жыл күтіп ұстап, нәтиже бергеннен кейін оны қаланың теңгеріміне беру жұмысын жоспарлап отырсыздар. Еккен теректеріңіз қаланың экожүйесін жақсартуға, экологиялық талаптарына оң өзгеріс енгізетініне сенімдіміз. Және осы жұмыстардың іске асуына қолдау білдіретінімізді айта кеткім келеді, — деді ол.
Аталған техника өрт сөндіретін қосымша құрал ретінде де пайдалануға болады. Автокөліктің көлемі 7,5 текше метрге дейін құм сепкіші, 7,8 текше метрге дейін суарғышы, алдыңғы күрегі және ортаңғы тазалағышы бар. Арнайы техника қыста қар тазалауға, жолдарға арнайы реагент себуге, жазда шаңнан тазартуға, жолдарға су себуге және жасыл жиектерді суаруға арналған.
Өз кезегінде «Теңізшевройл» компаниясының Үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімі бас менеджерінің орынбасары Хэймиш Полс мұндай техника бұдан бұрын Жылыой ауданына табысталғанын атап өтті.
Айта кетейік, өткен жылы «Теңізшевройл» компаниясы Атырау қаласы мен Жылыой ауданына жалпы сомасы 2,5 миллион АҚШ долларынан астам сомаға демеушілік көмек көрсеткен. Ал биыл көктемде кәріз тазалағыш арнайы техникасын алып беруді жоспарлап отыр.