Ауғанстан демократиялық респбуликасынан Кеңес әскерлері шектеулі контигентінің шығарылғанына 35 жыл толуына арналған шахмат және дойбыдан қалалық ашық турнир өтті.
«Атырау облысы Ауғанстан ардагерлері Одағы» қоғамдық бірлестігі шахмат, дойбы спортын дамыту және насихаттау, салауатты өмір салтын қалыптастыру, Ауған соғысы ардагерлерін еске алу мақсатында аталған жарыс ұйымдастырып отыр.
Ауған соғысы бірлескен одағының облыс бойынша төрағасы Әлішер Кулов іс-шараның маңыздылығына тоқталып өтті.
— Биыл 15-ақпанда Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 35 жыл болады. Осы орайда бүгін облыстық деңгейде шахмат пен дойбыдан турнир өткізіліп жатыр. Жастарымыздың спортқа, оның ішінде осы шахмат пен дойбыға деген қызығушылықтарын оятып, ойлау қабілеттерін жақсартуға үлес қосу мақсатында ұйымдастырылып отыр. Сайыста 14 жастан бастап 70 жасқа дейінгі аралықтағы 54 қатысушы бақ сынауда. Әсіресе жастарымыздың ынтасы жақсы, жоғары нәтижелер көрсетіп, белсенділік танытуда. Алдағы уақытта осы екі спорт түрін дамыту үшін жарыстарды кең көлемде өткізу жоспарда бар. Сондай-ақ осы 35 жылдық қарсаңында 3-4 ақпанда облыс бойынша кіші аяқ доптан турнир өтеді. Онда Ауған ардагерлерінің командасы және қала бойынша 45 жастан жоғары футбол ардагерлерінің командасы қатысады, — деді Ә.Кулов.
Жарыс қорытындысы бойынша шахмат турнирінен Ғабит Бисенғалиев пен Әсемай Ануарбекова — 1 орынға ие болса, Райымбек Ниязғалиев пен Тілекші Бисембай — 2 орынға, Ерсұлтан Қамбар мен Айгүл Өтениязова — 3 орынға қол жеткізді. Сонымен қатар, дойбы турнирінен Бекарыс Жұмашев пен Жанел Адиет — 1 орынға, Ерназ Шубаков пен Данагүл Жұмалиева — 2 орынға, Аманқос Абдешов пен Зейнеп Темірбай — 3 орынға ие болды.
Айта кетейік, 1979 — 1989 жылдар аралығында бұрынғы Кеңес Одағының 620 мың әскери қызметшілері Ауғаныстан жерінде жауынгерлік қызметтерін атқарған. Атырау облысынан 680 әскери қызметшілер қатысқан. Қазіргі кезде Атырау облысында 435 Ауған соғысының ардагерлері тұрады, оның 40 — қа жуығы мүмкіндігі шектеулі жандар.