Атырау облыстық балалар ауруханасының бес бөлімшесінде ойын алаңдары ашылды
Ойын алаңдары «Бертлинг Казах Лоджистик» компаниясының демеушілігімен толықтай күрделі жөндеуден өтіп, заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған.
Ем алушы ата-аналар тарапынан көптеген ұсыныстар түсетіндіктен, аталған ойын алаңдары облыстық балалар ауруханасының травматология, педиатрия, хирургия, неврология, реабилитация және оториноларингология бөлімшелерінде ашылып отыр.
Ашылу салтанатына аталған компанияның бас директоры Алия Жаксылыкова, менеджер Жанат Амандыкова мен аурухана дәрігерлері қатысты.
— Балалар ауруханасына өз ұсынысымызды тастап, демеушілікпен ойын алаңдарын жасақтап, ашқалы отырмыз. Қазан айында бастау алған қайырымдылық шарасын бүгін толықтай аяқтап, алаңдарды аурухана ұжымына табыстап отырмыз. Мұнда балалардың ойлау қабілетін дамыту үшін барлық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Алдағы уақытта осындай іс-шараларды жиі ұйымдастырып, қолдау білдіруге дайынбыз, — деді А.Жаксылыкова.
Оның айтуынша, ашылған алаңдардың күрделі жөндеуі мен құрал-жабдықтарына 4 миллион теңгеге жуық қаражат жұмсалған.
Айта кетейік, облыстық балалар ауруханасы жылына 7 мыңға жуық науқасты қабылдайды. Оның 70 пайызы шұғыл түрде, қалған 30 пайызы жоспарлы түрде түсетіндер.