Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Атырау облыстарының 18 ақыны қатысқан іс-шараны Атырау облысы Білім беру басқармасының Индер ауданы білім бөлімі ақын Мұрат Мөңкеұлының 180 жылдығына орай ұйымдастырып отыр.
Сайыс М.Мөңкеұлы мұрасындағы ұлтымыздың өшпес биік рухы, мұқалмас жігері мен еліне деген сүйіспеншілігін толғаған жырларын насихаттап, жастар бойында патриоттық сезімді қалыптастыру мақсатында өтуде. Сондай-ақ Батыс Қазақстан аймағы бойынша кестелі сөз, оралымды ой айтатын асыл сөз шеберлерінің шығармашылық қабілетін қолдау және дамыту, шығармашылықтарын насихаттау көзделген.
Мәдени шарада Индер ауданы әкімінің орынбасары Әсет Оразғалиев сайыстың маңыздылығына тоқталып, өнерпаздарға ыстық ықыласын білдіріп, аламан айтыста сәттілік тіледі.
— Аймақтық айтыс сұлу сөзден жыр маржанын құраған өр рухты ақын, қазақтың біртума перзенті М.Мөңкеұлының шұғылалы шығармашылығы мен өнегелі өмір жолын насихаттау мақсатында ұйымдастырылды. Халық даналығының көрінісін қызыл тілмен қиыстыра жеткізетін айтыс өнері – халқымыздың асқан мақтанышы. Бұл іс-шара киелі өнерімізді асқақтата дамытып, таланттарды танып, жас ұрпақтың бойына баба дәстүрін дарытуға септігін тигізеді. Сайысқа қатынасушы оқушылардың рухани өнерді жаңғыртудағы үлестеріне алғыс айта отырып, бүгінгі аламан айтыста сәттілік тілеймін, — деді Ә.Оразғалиев.
Жыр додада қатысушыға айтысты әуенмен және музыкалық аспаппен орындау міндеттелді. Сонымен қатар айтыскер ақынның суырып салмалығымен бірге тапқырылығы, мақамы, өлеңнің ұйқасы мен көркемдігі, буынның сақталуы және берілген тақырыпты аша білуіне аса мән беріледі.
Айта кетейік, үміткердің сахналық мәдениеті мен айтыс әдебін сақтау жауапкершілігі де ескеріле отырып, жүзден жүйрік жеңімпаз анықталады.