Облыстық денсаулық сақтау басқармасы медицина қызметкерлері үшін жеңілдетілген несие беру мемлекеттік бағдарламасы аясында өтініштерді 2023 жылдың 19 желтоқсанынан 2024 жылдың 19 қаңтарына дейін қабылдайды.
Бір мемлекеттік медициналық ұйымнан екінші біреуіне ауысқан қызметкерлерді қоспағанда, клиникалық практикамен айналысатын және 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмысқа орналасқан барлық медицина қызметкерлері тұрғын үй алу үшін жеңілдетілген несие алуға құқылы. Бұл ретте бағдарламаның барлық қатысушылары мемлекеттік медициналық ұйымдардың негізгі қызметкерлері болуы тиіс.
Сондай-ақ, жергілікті бюджет қаражаты есебінен, яғни грантта оқыған қызметкерлер келісім-шарттық міндеттемелері орындалғанға дейін, дәлірек айтқанда 5 жыл ішінде тұрғын үй үшін жеңілдікпен несие алуға өтініш бере алмайды.
Бірнеше өтінім болған жағдайда мына салалардағы мамандарға басымдық беріледі. Олар акушерлік және гинекология, анестезиология және реанимация, жұқпалы аурулар, травматология және ортопедия, ересектер мен балалар неврологиясы, жалпы хирургия, жалпы тәжірибелік дәрігерлер.
Қажетті құжаттар тізімі:
1) Жеке куәліктің көшірмесі;
2) «Отбасы Банкі» АҚ-да жинақ шотының (депозитінің) болуы;
3) Бағдарламаға қатысушының және оның отбасы мүшелерінің соңғы 5 жыл ішінде Қазақстан Республикасының аумағында сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйі немесе меншік құқығындағы тұрғын үйінің болмауы;
4) Қызметтік тұрғын үйінің жоқтығы туралы анықтама;
5) Соңғы 6 (алты) айдағы үздіксіз жинақталған зейнетақы қорындағы үздіксіз салымы туралы үзінді немесе анықтама;
6) Жұмыс берушінің және/немесе Денсаулық сақтау басқармасы басшысының бұйрығы;
7) Еңбек кітапшасының көшірмесі.
Құжаттарды Атырау қаласы, Әйтеке би көшесі, 77 мекенжайына тапсыруға болады.
Айта кетейік, тұрғын үй алу үшін жеңілдетілген несие алған мамандар толық ставкада мемлекеттік нысандағы медициналық ұйымдарда кемінде бес жыл еңбек өтілі болуы тиіс.
Қосымша ақпараттар үшін 27-09-72, 27-09-14, 87080020389 байланыс нөмірлеріне хабарласуға мүмкіндік бар.