Бұл туралы Атырау облысы бойынша Қашықтан мониторинг басқармасының басшысы Ринат Бөлеков баспасөз брифингінде мәлім етті.
Елімізде кәсіпкерлерді көлеңкелі экономкадан шығаруға, жұмысын оңтайландыру мақсатында биылдан бастап жаңа форматта арнаулы салық режимдерінің бір түрі — бөлшек салықтың арнаулы салық режимі енгізілді. Салықтың бұл түрі пандемия кезінде экономиканың зардап шеккен секторлары үшін уақытша енгізіліп, 114 қызмет түрін қамтыған болатын. Қазіргі таңда рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізбесі бөлшек саудаға және халыққа қызмет көрсетуге байланысты 114-тен 190 қызмет түріне дейін артты.
— Бөлшек салықтың бұл режимі салық төлеушілердің салықтан жалтарудың жаңа схемаларын жасаудан көрі, адал бизнесті пайдалануын нығайту үшін жасалды. Бүгінгі таңда облысымызда 438 кәсіпкер бөлшек салықтың арнаулы салық режиміне көшті және болашақта бұл режим кеңінен таралады деген сенімдеміз, — деді Р.Бөлеков.
Бөлшек салықтың арнаулы салық режиміне тіркелудің алғашқы шарты — жұмыскерлердің орташа саны 200 адамнан аспауы тиіс. Сондай-ақ салық төлеушінің күнтізбелік жылдағы кірісі республикалық бюджет туралы заңда белгіленген 600 мың айлық есептік көрсеткіштен аспайтын болуы шарт. Сонымен қатар ҚР Үкіметі айқындаған қызмет түрлерінің біреуін немесе бірнешеуін жүзеге асыратын болуы керек.
Айта кетейік, бөлшек саудаға өткендер қосымша құн салығына тіркелмейді және әлеуметтік салық төлеуші қатарына жатпайды.