Алдымен облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Айгүл Әжіғалиева 2023-2025 жылдарға бөлінген облыстық бюджетке енген өзгерістер мен толықтырулар туралы баяндама жасады.Оның айтуынша, осы жылдың І жартыжылдығында облыстың жалпы өңірлік өнімінің көрсеткіші 6 555,5 млрд теңгені құрады.
— Республиканың жалпы ішкі өнімі көлеміндегі облыстың үлес салмағы – 14,1%. Жан басына шаққандағы жалпы өңірдік өнім көлемі – 9 563,5 мың теңге. Сонымен қатар өңірдегі шағын және орта кәсіпкерлікте жұмыс істеп тұрған субъектілер саны 67 223 бірлікті құрады. Бұл өткен жылдың қаңтар-қазанымен салыстырғанда 111,2% артты. Биылғы жылдың 3 тоқсанында аймақтағы жұмыссыздық деңгейі 4,9% құрады. 2023 жылдың қаңтар-қыркүйегімен орташа айлық жалақы 593 864 теңгеге жетіп, өткен жылдан 116,5%-ға өсті. 2023 жылдың 2 тоқсанында халықтың жан басына шаққандағы ақшалай табыстарының көлемі — 337 861 теңге. Бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 114,2% артық,-деді А.Әжіғалиева.
Айгүл Әжіғалиева өз баяндамасында 2024-2026 жылғы бюджетке де тоқталып өтті. Келесі жылға арналған облыстық бюджеттің бекітілген көлемі — (трансферттердің түсімдерін есепке алмағанда) 613,7 млрд. теңге.
Мәслихат отырысында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Айдулат Кенжебеков елді мекендердегі жасыл екпелерді күтіп-баптаудың, қорғаудың, абаттандырудың қағидасына өзгеріс енгізілгенін мәлім етті. Ол құрылыс қалдықтарын және ірі габаритті қалдықтарды қоқыс контейнеріне төгуге заңмен тыйым салынатынын айтты.
— Енді тұрғындарға ірі габаритті қалдықтарды, яғни биіктігі, ені немесе ұзындығы 0,5 метрден асатын, өзінің тұтыну қасиетін жоғалтқан заттарды (жиһаз, тұрмыстық техника, сантехника және басқа да ірі), өндіріс және тұтыну қалдықтарын қоқыс контейнеріне емес, тікелей қоқыс полигонына апарып, төгу міндеттеледі. Әртүрлі жарнамаларды және басқа да ақпараттарды ғимараттарға, дуалдарға, қалалық жолаушылар көліктері аялдамаларында, жарықтандыру бағаналарына, ағаштарға жапсыруға және ілуге жол берілмейді,-деді А.Кенжебеков.
Сессия отырысын қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиев сала басшыларына бөлінген бюджетті игеру керектігіп айтып, осы бағыттағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
— Биыл облыста дамудың оң динамикасы байқалады. Аймақтың бюджеті ұлғайып, оң көрсеткішке жеттік. Тек жергілікті бюджетте ғана емес, трансферттер арқылы да өсу бар. Жергілікті атқарушы органдар бірлесе жұмыс істеп, осындай нәтижелі көрсеткішке қол жеткіздік. Бүгінгі тұрақты комиссия отырысында депутаттар тарапынан бірнеше сын айтылды. Расымен біз халыққа нақты жеткен көрсеткішті айтуымыз керек. Сондай-ақ бюджет қаражатының игерілмеу мәселесі де бар. Оны уақытылы әрі сапалы игерілуін қамтамасыз ету керекпіз. Халық бізден нәтижені ғана күтеді. Жыл сайын бөлінген қаражат сапалы игерілмесе, халыққа берген уәдеміз орындалмайды. Ал уақытында игерсек, келер жылы басқа жобаларға қаржы бөлініп, оң динамика білінуші еді. Осы бағыттағы жұмысты күшейту керек,-деді М.Мурзиев.