Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде аймақтағы кәсіпкерлерді қолдау жұмыстарына тоқталды.
— «Бизнестің жол картасы – 2025» Ұлттық жобасы шеңберінде биыл бюджеттен 12,3 млрд теңге бөлініп, бүгінгі күні несие сомасы 35,8 млрд теңге болатын 816 кәсіпкер жобасы қолдау тауып, олармен 550 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Яғни «Субсидиялау» құралы шеңберінде 23,9 млрд теңге кредиттің жалпы сомасына 428 жоба, «Кепілдендіру» құралы шеңберінде 11,9 млрд теңге кредиттің жалпы сомасына 388 жоба мақұлданды. Сонымен қатар биыл облыста «Ауыл аманаты» жобасын іске асыруға
1,5 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржыға 188 жобаны іске асыру жоспарланды. Осы уақытқа дейін несие алуға 2,3 млрд теңгеге 280 өтінім түсті. Оның 1,2 млрд теңгеге 150 өтінімі мақұлданып, 1,1 млрд теңгеге 137 өтінім қаржыландырылды, -деді С.Шәпкенов.
«Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде қаржыландырылған өтінімдердің ішінде 110 несие мал шаруашылығы саласына, 13 кредит ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға, 1 несие жылыжай салуға және
13 несие басқа да бизнес түрлерін бастауға берілді.
Сондай-ақ 2023 жылы ауыл кәсіпкерлерін несиелендіру үшін бюджеттен 1 млрд теңге бөлініп, 81 ауыл кәсіпкерінің жобасы қаржыландырылды.