Jannah Theme License is not validated, Go to the theme options page to validate the license, You need a single license for each domain name.
БастыТехнология

Атырауда «CarGoRuqsat» онлайн брондау сервисі іске қосылады

Атырау облысындағы «Құрманғазы» автомобиль өткізу пунктінде келер жылдан бастап «CarGoRuqsat» электрондық кезек жүйесін енгізу бойынша пилоттық жоба іске қосылады. Бұл туралы Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі қосылған құн салығы бойынша әкімшілендіру басқармасының басшысы Мирамбек Шманов мәлім етті.

«CarGoRuqsat» электрондық кезек жүйесінің міндеті — тасымалдаушыларға кезекті алдын ала брондау. Сондай-ақ ақпараттық жүйелерде қажетті құжаттарды тексеруді автоматтандыру мүмкіндігін беру.

— Аталған онлайн сервис шекарадан өтудің жеделдігі мен ашықтығын қамтамасыз етеді және жүк машиналарының жиналып, кептеліс болуына жол бермейді. Сонымен қатар Мемлекеттік кіріс органдарына тәуекелдерді басқару жүйесін автоматты режимде қолдануға мүмкіндік береді. Пилоттық жоба шеңберінде Қазақстан аумағынан автомобиль өткізу пункттері арқылы шығуды жоспарлаған тасымалдаушы «CarGoRuqsat» қосымшасы арқылы электрондық кезектен орын брондауы қажет. Ол үшін https://cgr.qoldau.kz/ru/start сілтемесінен өтіп, «CarGoRuqsat» қосымшасына тіркелу және кіру қажет. Сондай-ақ өткізу пунктін таңдап, шекарадан өту күні мен уақытын көрсетуі және жүргізуші мен автокөлік туралы деректерді толтыруы міндетті. Бұл жерде ең бастысы салық төлеуші өтінім мақұлданғаннан кейін шекарадан өту үшін өткізу пунктіне уақтылы келу қажет, — деді М.Шманов.

Оның айтуынша, бұл онлайн сервис өңірімізден бөлек Солтүстік Қазақстан облысында қараша айының 1-нен бастап «Бидаик» автомобиль өткізу пунктінде пилоттық режимде қосылып жұмыс істеуде. Бұл өткізу пунктінде осы уақыт ішінде онлайн брондау сервисі арқылы 457 автокөлік кезек алып, шекарадан өткен.

Айта кетейік, келер жылы аталған пилоттық жобаны еліміздің Ақтөбе, Абай, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай және Павлодар облыстарында автомобиль өткізу пункттерінде орнату жоспарлануда.

Back to top button