Атырау-Құлсары арасында қатынайтын автобустар жаңартылды
Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен Атырау-Құлсары бағытында тұрақты маршрутта қытынайтын автобустар жаңа 51 орындық Yutong маркалы 6 автобуспен жаңартылды.
— Автобустардың жаңартылуы — ҚР Үкіметінің 2021 жылғы «Отандық өндірістік автобустарды әлеуметтік маңызы бар бағыттарда қызмет көрсететін тасымалдаушы мекемелерді жеңілдетілген лизингтік қаржыландыру» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан жүйелі жұмыстардың жемісі. Тасымалдаушы мекеме – «ЛаваТранс» ЖШС. Автобустар 51 орындық, ішінде бейне бақылау, GPS жүйесімен, әжетқанамен қамтылған,- деді Атырау облысы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы Жанболат Акинов.
Айта кетейік, автобустар күнделікті Атыраудан Құлсарыға қарай және кері бағытта 7 мәрте қатынайды. Билет құны бір бағытқа 2000 теңге. Автобус Атырау-Құлсары бағытында таңғы 8:00-18:55 аралығында жүрсе, Құлсары-Атырау бағытына таңғы 7:00-17:30 аралығында жүреді.
Сонымен қатар, алдағы жоспарларға сай облысішілік Атырау-Доссор-Мақат бағытына қатынайтын автобустарды жаңарту көзделуде.