Атырау облысының Исатай және Қызылқоға ауданында әкім сайлауы өтіп жатыр. Екі ауданда 34 487 сайлаушы дауыс береді.
Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Азамат Айманакумовтың мәліметінше, Исатай ауданындағы әкім сайлауы 15 учаскеде өтіп жатыр. Мұндай 15 883 сайлаушы таңдауын жасайды. Ал Қызылқоға ауданындағы 19 сайлау учаскесінде 18 614 сайлаушы тіркелген.
Екі аудандағы әкім сайлауында 34 487 сайлаушы дауыс береді. Бұл облыстағы сайлаушылардың жалпы санының 8,5 пайызын құрайды. Екі аудан әкімінің сайлауына 6 үміткер тіркелді. Үміткерлердің бәрі мемлекеттік қызметте жұмыс істейді, -деп хабарлады Азамат Айманакумов.
Аудандардағы сайлау учаскелерінде мүмкіндігі шектеулі жандардың кедергісіз дауыс беруіне қолайлы жағдай жасалған. Мәселен, Исатай ауданындағы сайлау учаскелерінің бәрінде, ал, Қызылқоға ауданында 16 сайлау учаскесінде пандус орнатылған. Сайлау учаскелері тактильді жолақ, моноблок пен құлаққап, брайль шрифт, лупа секілді құралдармен қамтылған.
Екі аудан әкімінің лауазымын иеленуге ниетті 6 үміткердің екеуі «AMANAT» партиясынан ұсынылған. Қазақстан халық партиясы сайлау додасына бір үміткерін қосты. Ал, үш кандидат өзін-өзі ұсынған.
Үміткердің бірі аудандық мәслихаттың төрағасы, бірі аудан әкімінің орынбасары, енді бірі аудан әкімі болып жұмыс істейді. Үш үміткер ауылдық округтің әкімі лауазымын атқарады.