Атырауда аудандық аурухана бес жедел жәрдем автокөлігімен толықты
Исатай ауданының әкімі Полымбет Хасановтың қатысуымен аудандық ауруханаға бес жедел жәрдем көлігі салтанатты түрде табысталды.
Соболь маркалы жол талғамайтын, заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жарақтандырылған автокөліктер науқастарға алғашқы көмек көрсетуге арналған.
-Денсаулық саласына қашан да жедел жәрдем көліктері қажет. Аудан игілігі үшін табысталып жатқан жедел-жәрдем көліктері халық денсаулығы үшін қызмет етсін. Бастысы — халық ауырмасын, дені сау ұрпағымыз көбейсін, — деді П.Хасанов.
Аталған көліктердің бірі аудан орталығының емханасына берілсе, бірі Қамысқала мен Жасқайрат ауылдарына, енді бірі Тұщықұдық пен Қызылүй және Айбас ауылдарын қамтиды. Сондай-ақ Исатай мен Зинеден ауылдарына және Жамбай мен Нарын ауылдарына бір-бір көліктен беріліп отыр.
Сондай-ақ, бұған дейін осындай маркалы автокөлік облыстық перинаталдық орталығына да табыс етілген болатын.
Айта кетейік, жедел жәрдем көліктері жергілікті бюджет есебінен, медициналық ұйымдардың сұранысына қарай алынып отыр.