Jannah Theme License is not validated, Go to the theme options page to validate the license, You need a single license for each domain name.
БастыТуризм

Атыраулық кәсіпкерлер туризмді дамыту бойынша Жол картасын әзірлеуді ұсынды

Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Туризм және қызмет көрсету саласы жөніндегі кеңестің мүшелері «Атамекен» ҰКП төралқасының туристік сала комитеті мүшелерінің қатысуымен селекторлық кеңес өкізді. Жиында кәсіпкерлер өз пікірлерін айтып, ұсыныстарын білдірді.

Атыраулық кәсіпкерлердің айтуынша, 2023-2026 жылдарға арналған Жол картасы көзделген іс-шараларды қаржыландыруды растай отырып, өңірдің туризм саласындағы проблемаларды шешуге көмектеседі және саланың дамуына оң үлес қосады. Жобаға олар өңірдің туристері мен қонақтары үшін ақпараттық онлайн-портал әзірлеу, демалыс орындары мен туристік объектілердің инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын дамыту және олардың көліктік қолжетімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ Атырау облысының туристік әлеуетін ілгерілету жөніндегі іс-шараларды қосуды ұсынды.

-Бүгінгі таңда өңірдің туризм саласында бұл бағыттың дамуына теріс әсер ететін бірқатар проблемалық мәселелер бар. Олардың қатарында – «Ақ Жайық» резерватындағы өрттер, Индер ауданындағы Тұздыкөлде туристер үшін жағдайдың болмауы, қолайсыз экологиялық жағдайлар, атап айтқанда, күкіртсутек шығарындылары мен химиялық ағындар, облыстың туристік объектілеріне апаратын республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының қанағаттанарлықсыз жай-күйі және оларда санитарлық-гигиеналық тораптар мен орындардың болмауы. Бұдан басқа қызмет көрсету саласында кадрлар тапшылығы сезіледі. Туристік объектілер, орналастыру, демалыс орындары және басқа да ақпараттың жеткіліксіздігі проблемасы бар. Олардың барлығы туризмді дамыту жөніндегі Жол картасының жобасына салынуы тиіс, — деп атап өтті Атырау облысының Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Туризм және қызмет көрсету саласы жөніндегі кеңестің төрағасы Гүлжан Елешева.

Айталық, «Ақ Жайық» резерватында өткен жылы 4 өрт орын алды, ол 1747 гектарды қамтыды, 2023 жылы 4664 гектар аумақты қамтыған 2 өрт болды. Осыған байланысты кеңес мүшелерінің пікірінше, өрт сөндіруге арналған тікұшақтарды сатып алу үшін республикалық бюджеттен қаражат бөлу мәселесі қарастырылуы тиіс. Сондай-ақ, материалдық-техникалық база мен қайықтарды жаңарту қажет. Индер ауданындағы Тұздыкөлге қатысты мәселелерді шешу үшін жергілікті биліктің қолдауы керек. Облыстық бюджеттен қаражат бөлу — инфрақұрылымды туристік нысандарға жеткізу мәселесін де шешуге мүмкіндік береді деп есептейді кеңес мүшелері.

Талқылау қорытындысы бойынша барлық айтылған ұсыныстар отырыс хаттамасына енгізілді. Олар кейіннен жұмыс үшін «Атамекен» ҰКП Туристік сала Комитетінің назарына қабылданатын болады.

Back to top button