Астанада Атырау облысынан 6 тауар өндіруші қатысатын «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-конкурсы басталды.
Елордалық жұртшылықтың назарына «JM KZ» ЖШС, «BorkitSafety LLP» ЖШС, «GlobalTextileManufacturing» ЖШС, «Абылай хан» ЖШС, «Аймурзаева Г.П.» ЖК және «Найзабеков» ЖК тауарлары ұсынылады. Аталған өнімдер осы жылдың 10-маусымында Атырауда өткен «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауының өңірлік кезеңінің жеңімпаздары болған.
Естеріңізге сала кетейік, «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауына 60-қа жуық тауар өндіруші қатысқан болатын. Жыл сайынғы конкурсты облыстық әкімдіктің қолдауымен Атырау облысының Кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырды. Қатысушылар арасында айтарлықтай тәжірибесі бар тауар өндірушілер, сондай-ақ жақында өз бизнесін ашқандар болды. Бірақ олардың өнімдері халық тарапынан сұранысқа ие болуы шарт еді. Кәсіпкерлер конкурс-көрмеге шығарылатын өнімнің бай ассортиментін ұсынды. Бұл құрылыс материалдары, азық-түлік, жеңіл өнеркәсіп өнімдері және т.б.
Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Сүйінбаевтың айтуынша, жергілікті тауар өндірушілер арасында «Қазақстанның үздік тауары» көрме-конкурсына қатысуға қызығушылық жыл сайын артып келеді.
— Биыл облыстық кезеңде бізде көптеген қатысушылар болды. Қазылар алқасы олардың ішінен үздіктерді таңдау оңай болған жоқ. Биылғы байқаудың ерекшелігі «Қазақстанның үздік тауары» аясында «бір ауыл – бір өнім» жобасы бойынша кәсіпкерлер өнімдерінің көрмесі өтті. Бүгін «Қазақстанның үздік тауары» конкурсының өңірлік турының жеңімпаздары қатарынан 6 Атырау тауар өндірушісі және «бір ауыл – бір өнім» жобасы бойынша облыстық кезеңнің 2 жеңімпазы — Зинаида Орынбасарова мен Гүлзира Керімбаева республикалық іс-шараға қатысуда. Елордалық көрмеде ұсынылған барлық тауарлар біздің өңірде үлкен сұранысқа ие. Сондықтан қатысушыларымызға республикалық деңгейде жеңіс тілеймін, — деді Н.Сүйінбаев.
«Абылай хан» ЖШС өнімі елордалық көрме қонақтарының ерекше қызығушылығын тудырды. Кәсіпорын 1999 жылдан бері жұмыс істейді және балық аулау мен өңдеумен айналысады. Серіктестіктің өнімі жоғары сапалы.
— Көрмеге біз өзіміз аулап, қайта өңдейтін балық өнімдерін әкелдік. Бұл тұқы, қарақұйрық, вобла, көксерке, көкбауыр және басқалар. Іс-шара ашылғаннан бері біздің өнімдерімізге қызығушылық танытқан көптеген адамдар келді. Көрмені ұйымдастырушыларға өз тауарларымызды көпшілікке көрсетуге мүмкіндік бергені үшін ризашылығымызды білдіреміз, — деп атап өтті «Абылай хан» ЖШС өкілі Гаухар Қошалиева.
Айта кетейік, бүгінде республикалық көрмеге 180-ге жуық отандық тауар өндірушілер қатысуда. «Қазақстанның үздік тауары» конкурсының қорытындысы бойынша үш номинацияда 27 финалист анықталады. Олар «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Үздік азық-түлік тауарлары» және «Халық үшін үздік тауарлар».
Осыдан кейін онлайн-дауыс беру өтеді, ал соңғы нәтижені арнайы комиссия шығарады, ол елдің үздік тоғыз тауар өндірушісін анықтайды. «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқауының қорытындысы желтоқсан айында жарияланады деп күтілуде.