Ақтөбе – Атырау тасжолының Ақтөбе-Қандыағаш аралығы биыл толық аяқталмайды. ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев оның бірнеше себебін атады. Бұл туралы Казинформ жазды.
Ақтөбе – Атырау тасжолының құжаттамасы 2016 жылы жасалып, соңғы 2 жылда ғана құрылыс жүрді. Биыл Ақтөбе аумағындағы жол түгел қолданысқа берілуі тиіс еді. Бірақ тағы бір жылға кейінге шегерілді.
«Битум тапшылығы болды. Елімізде мұндай проблема бар. Жыл сайын Ресейден әкелеміз. Биыл 100 мың тонна импорттаймыз деген келісім жасалды. Өте аз бұл. Кейін ҚР Премьер-министрі мен оның орынбасары ресейлік әріптестерімен келісіп, қосымша 200 мың тонна алуға рұқсат берілді. Құжаттарды рәсімдеп жүргенде бір жарым айды жоғалтып алдық. Бұл – биыл кері әсер еткен фактор. Жалпы айтар болсақ, мердігер компания ширақ қимылдауы керек еді. Олар бояу болды. Сонымен бірге жобалық-сметалық құжаты 2016 жыл жасалған, ескі. Қазіргі баға өзге. Сондықтан түзетуге жіберілді. Қайта айтамын, мердігер тез жұмыс істегенде, түзету болмас еді. Екінші жағынан мердігерлерді де түсінуге болады. Жобаның жасалғанына 7 жыл болды. Осы аралықта баға қатты өзгерді», — деді ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев.
Қазір түзетуге берілген құжат мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. Енді құрылыс 2024 жылы аяқталады деп жоспарланды.
«Құрылысы ұзаққа созылған Атырау – Астрахань, Ақтөбе – Қандыағаш, Алматы – Астана, Талдықорған – Өскемен жолдары келер жылы аяқталады деп отырмыз. Бұл туралы тұрғындар жиі айтып, көтерді. Биыл осы бағытта көп жұмыс атқарылды. Халықтың наразылығын түсінеміз. Кешірім сұраймыз. Адамдар үшін құрылыстың ұзаққа созылуы қиындық туғызады. Біз келер жылы осы құрылысты аяқтаймыз деп уәде береміз», — деді ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев.