Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына алғашқы медицианлық көмек қызметін үйлестіретін жаһандық колиция құруды ұсынды. Бұл туралы Kazinform агенттігі жазды.
Астанадағы Конгресс орталықта алғашқы медициналық-санитариялық көмек жөніндегі Алматы декларациясының қабылдануының 45 жылдығына және Астана декларациясының қабылдануының 5 жылдығына арналған халықаралық конференция өтіп жатыр.
Шарада сөз алған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев конференцияға қатысушы жастардан нақты ұсыныстар күтетінін айтты.
«Бүгінгі шарада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы басшылығының қатысып отырғанын пайдаланып, алғашқы медициналық-санитариялық көмекті жаһандық ұсыну саласы оның қызметін үйлестіретін арнайы құрылым құрудан ұтатынын айтқым келеді. Мен ДДСҰ қолдауымен алғашқы медициналық-санитариялық көмек жөніндегі мемлекеттер коалициясын құруды ұсынамын», — деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, бұл коалицияның негізгі міндеті денсалулық сақтау саласындағы алдын алу принциптерін әрі қарай ілгерілету, сондай-ақ алғашқы медициналық-санитариялық көмекті дамытудың бірлескен ұсынымдарын дайындау болу керек.
«Мен бүгін жас делегаттардың алғашқы медициналық-санитариялық көмек саясаты мен тәжірибесі туралы қорытынды мәлімдемесін асыға күтемін», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.