Қазақстан футбол құрамасы сырт алаңда Финляндиямен ойнап, қарсылас команданы 2:1 есебімен ұтты, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі. Ойынның 28-минутында финляндиялық жартылай қорғаушы Роберт Тэйлор есеп ашты. Кейін 77-минутта қазақстандық жартылай қорғаушы Бахтияр Зайнутдинов пенальтиден мүлт кетпеді. Сондай-ақ, ол 89-минутта да гол салып, ойын тағдырын шешті! Осылайша, ұлттық құрама 15 ұпаймен «Н» тобында үшінші орынға шығып отыр. Алда ел құрамасы 17 қарашада Сан-Марино командасымен Астанада ойнайды. Кейін көш басында тұрған Словения құрамасымен сырт алаңда кездеседі. Бір қызығы, қазақстандық құрама өз тарихында финляндиялықтармен ресми алты рет кездесіп, тек бүгін ғана жеңіске жетіп отыр екен.