Облыстық Ардагерлер кеңесі, Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының және Ғылыми-әдістемелік халық шығармашылығы мен мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығының қолдауымен ардагер өнерпаздардың арасында «Қарттарым тұнған шежіре» атты облыстық шежірешілер байқау өтті.
Іс-шара жас ұрпаққа қазыналы қарттарымыз арқылы шежіре тарихын ұғындырып, ұлтжандылыққа тәрбиелеу, рухани құндылықтарымызды қайта жаңғырту мақсатында ұйымдастырылды. Сайыста облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов байқаудың маңыздылығына тоқталды.
— Бұл шежірешілер байқауы «Қарттарым тұнған шежіре» атты атаумен бүгін облысымызда алғаш рет өтіп отыр. Қазақта «жеті атасын білмеген жетесіз» деген ұлы сөзі бар. Біздің негізгі мақсатымыз — сайысқа қатысушы ардагерлердің бойында тұнып тұрған шежіре мен даналық сөздерін ұрпаққа тарату, насихаттау. Шежіре – бұл тарих, ол өңірдің, елдің тарихы. Осы жөнінде бүгін кеңірек тарқатылып отыр,- деді М.Өтешов.
Байқауға 60 жастан жоғары 18 шежіреші ардагер қатысты. Үміткерлердің сахналық киімі ұлттық нақышта болуы міндеттелді.
Сайыс қорытындысы бойынша, бас жүлдені Атырау қаласының шежірешісі Ақмырза Батырқайыров иемденді. Сондай-ақ қаладан қатысушы ардагерлер Сахытжан Құлмаханов I орын, Бақтыбек Таубаев II орынды қанжығалады. Ал, жүлделі III орынды Құрманғазыдан келген Нұрлығайын Нұғманов пен Махамбет ауданының тумасы Амангелді Есенғалиев иеленді. Додаға қатысушы қалған 13 өнерпаз арнайы Алғыс хатпен марапатталды.