Jannah Theme License is not validated, Go to the theme options page to validate the license, You need a single license for each domain name.
Технология

Атырауда IT саласын қарқынды дамыту бойынша жұмыстар жүргізілуде

Атырауда Цифрландыру және архивтер басқармасының ұйымдастыруымен өңірдің IT қауымдастығымен «галстуксіз кездесу» отырысы өтті. Кездесуде облыс бойынша цифрландыру бағытында атқарылған жұмыстар, өңірлік стартап жобалар мен саланың өзекті мәселелері қаралды.

Отырысқа облыстық Цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы Алмас Көпжанов қатысып, іс-шара мақсатына тоқтала отырып, сала бойынша Республикалық көрсеткіштерді атап өтті. Оның айтуынша, өңірлік IT Hub жобасы бойынша Атырауда жаңа жұмыс орындарын ашу көзделген.

— Бұл кездесуді өткізудің басты себебі — өңіріміздегі осы сала бойынша жасалып жатқан жұмыстармен танысу және алдағы уақытта жоспарланған жобаларды сіздерге баяндау. Осы бағытта қызмет қылып жүрген азаматтармен танысып, ой алмасу мақсатында осы еркін отырыс ұйымдастырылды. Бүгінде IT саласы бойынша көптеген жұмыстар жүргізіліп жатыр. Соның бірі «Atyrau IT Hub» жобасы. Оның жалпы мақсаты хакатон шараларын өткізу, стартап жобаларын қолдау және өңірдің цифрлық құзыретін дамыту. Бұл жоба арқылы халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру мен IT саласында жаңа өнімдерді шығару жұмыстарын жүргізу ойымызда бар , — деді А.Көпжанов.

Кездесу барысында IT саласы бойынша жасалған жоба директорлары мен өкілдері өз жұмыстарын таныстырып, баяндама жасады. Атап айтсақ, «A-Pro Studio», «A-Pro ACADEMY», «Tasu.kz», «Bagdar», «I-Food», «Big star», «Shyraq education» жобалары ұсынылды. Сонымен қатар «Ақылды қалаларға арналған инновациялық шешімдер», «Оқушылар мен түлектерге арналған мобильді қосымша» сынды жобалардың авторлары да өз жұмыстарымен бөлісті.

Айта кетейік, Smart өңірлер жобасын іске асыру бойынша бірқатар жұмыстар жасалған. Нақтылай айтсақ, облыстың геопорталы арқылы Атырау қаласында жер пайдалануға мониторинг жүргізілген. Бірыңғай 109 байланыс орталығымен 1 462 782 өтінім қабылданып, қоғамдық қауіпсіздікті цифрландыру бойынша облыста 4991 камера орнатылған, оның 774-і «Сергек» камерасы. Сондай-ақ «Kundelik» электрондық журналы енгізіліп, «ДамуМед» электрондық медициналық картасы жасалған. Оған қоса 132 ауылдық елді мекен (153) ÅDSL, 3G, 4G интернетпен қамтамасыз етілген.

Back to top button