ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімділігін жақсарту туралы баяндама жасады.
Аймақта «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында 18 медициналық-санитарлық көмек нысанын салу қарастырылған. Оның 3-і жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Ал қалған 15 нысанның құрылысы 2024 жылы басталады.
— Сонымен қатар жергілікті бюджет есебінен 19 нысанның құрылысы жоспарланған. Оның ішінде 12 нысанның құрылысы осы жылдың соңына дейін аяқталады. Ал 5 нысанның құрылысы 2024 жылы басталады. Атырау қаласындағы «Өркен» және «Нұрсая» шағын аудандарында республикалық бюджеттен жоспарланған күніне 250 науқас қабылдайтын 2 емхананың құрылысын жеделдету мақсатында жергілікті бюджеттен қаражат қарастырып, құрылыс жұмыстарын бастадық.
Медициналық техника сатып алу үшін биыл жергілікті бюджеттен 4,7 млрд теңге бөлінді. Бұл медициналық жабдықтармен жарақтандыру деңгейін 93,5%-ға жеткізуге мүмкіндік береді.
Осы жылдың 6 ай қорытындысы бойынша 406 арыз-шағым келіп түскен, оның ішінде 74 шағым негізді, 73 шағым ішінара негізді, 259 шағым негізсіз деп анықталды. Бұл кемшіліктерді жою және алдын алу мақсатында жұмыстар жүріп жатыр. Медициналық-санитарлық көмек қолжетімділігін жақсарту, медициналық көмек сапасын арттыру шаралары жалғасын табады. Бұл мәселені өз бақылауыма алдым,- деді С.Шәпкенов.
Атырау облысы бойынша биыл жергілікті бюджет есебінен 39 медициналық жедел жәрдем көлігі сатып алынып, олар желтоқсан айында жеткізіледі.
Атырау облысында 2023 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша сақтандырылмаған азаматтар саны — 74 876 адам. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 17,6%-ға төмен.
Республикалық бюджеттен амбулаторлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша 2023 жылға 5,6 млрд теңге жоспарланып, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуде. Сонымен қатар жергілікті бюджеттен 301 млн теңге бөлініп, дәрілік заттармен 108 науқас қамтамасыз етілді.
Облыста жыл басында кадр тапшылығы 185 маманды құраған болса, бүгінде 102 маман жұмысқа қабылданды. Мамандардың жетіспеушілігін жою үшін жергілікті бюджеттен 2023 жылдан бастап өңірге келген мамандар үшін кешенді шаралар қабылданды.
Медициналық ұйымдардағы арыз-шағымдарды болдырмау мақсатында тәулік бойы қоңырау қабылдайтын колл-орталық қызметі іске қосылды (1309-нөмері бойынша) және ситуациялық орталық жұмысы жолға қойылды.