Жоба басталғаннан бері ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментіне кәсіпкерлік субъектілерінен 64 өтініш келіп түскен. Оның ішінде 22 өтініш бойынша мәселелер оңынан шешіліп, 1 өтініш кері қайтарылған. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес 15 өтінішке жазбаша түсініктеме берілсе, қалған 26 өтініш қаралу үстінде. Бұл туралы аталған департаменттің басшысы Ерұлан Серікқалиев баспасөз брифингінде мәлім етті.
Кәсіпкерлер Атырау облыстық білім беру басқармасы мен қалалық білім бөлімі және «Қазақстандық үздіксіз білім беру қауымдастығының» жергілікті филиал қызметкерлері «Qazna Face» пилоттық жобасына қатысу бойынша қойылған негізсіз талаптарға қарсы шағымданған.
— «Qazna Face» дегеніміз — биометриялық деректерді оқу арқылы мектепке дейінгі, орта, орта білімнен кейінгі және қосымша білім беру ұйымдарында контингентке баруды автоматтандыруға арналған қосымша. Аталған мәселені қарау қорытындысы бойынша Атырау облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі білім басқармасымен кездесу ұйымдастырды. Соның нәтижесінде мәжбүрлеу талаптарын тоқтату және кәсіпкерлердің құқықтарын бұзуға жол бермеу туралы ұсыныс тасталды, — деді Е.Серікқалиев.
Айта кетейік, «Бизнеске жол» жобасы аясында 5 мониторинг жүргізілген болатын. Оның ішінде мемлекеттік сатып алу саласы бойынша – 2, білім беру мекемелеріне қоғамдық тамақтандыру мен қала алаңдары мен аллеяларында көше ойын-сауықтарын ұсыну саласында – 1, сондай-ақ сұйытылған мұнай газын бөлу саласында — 1 мониторинг жұмыстары жүргізілген. Оның төртеуі шешіліп отыр. Жүргізілген мониторинг бойынша 23 ұсыным енгізіліп, оның ішінде 10 ұсыным орындалған. Осылайша сұйытылған мұнай газын сатуға квота беру саласында жүргізілген сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг шеңберінде сұйытылған газды бөлу кезінде бірқатар сыбайлас жемқорлық тәуекелдері белгіленген.
Сондай-ақ Е.Серікқалиевтің айтуынша, мониторинг шеңберінде газ жеткізу көлемінің және кірістердің азаюы салдарынан шығынға ұшыраған 27 кәсіпкердің құқығы қорғалған.